Аудан жайлы

Аудан тарихы

Аудан тарихыҮржар ауданы Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік шығысында орналасқан, 1928 жылы ұйымдастырылған. Үржар ауданының орталығы Үржар ауылы (селосы) Тарбағатай тауының оңтүстік етегіне қоныс тепкен. Облыс орталығы Өскемен қаласынан 512 шақырым қашықтықта орналасқан. Жалпы жер көлемі 23,4 мың шаршы шақырым.
Ең жақын Аягөз темір жол станциясы 175 шақырым. Бұл елді мекен 19-шы ғасырдың елуінші жылдары казак (казачье) поселкесі ретінде пайда болған. Әрі бұл арада 1867-1879 жылдар аралығында Қытайдың сауда өкілдігі жұмыс істеген. Үржар арқылы Ташкент және Семей керуен жолы өткен болатын. Үржар станицасы 1854 жылы құрылған.

«Түгін тартсаң, майы шыққан» деген сөздің нақты дәлелін шұрайлы Шығыс Қазақстан облысының шығысындағы Қытай Халық Республикасының 200 шақырымнан астам шекарасымен шектесіп жатқан Үржар ауданының өзіне тән тарихы бар. Жер жәннаты Жетісудың бір бөлшегі іспетті бұл өңірдің тарих қойнауында жатқан қатпар-қатпар сыры, тарихын қойнау қойнауына тыққан Тарбағатай тауы, жанға дауа емдік қасиеті зор «Алакөл» көлі бар өлке. Осы таяуда Үржар өлкесінен алтын сәукелелі сақ ханшайымының мүдесінің табылуы бұл өңірде көптеген мағлұмат жатқанына хабар бергендей.
Арғы тарихқа көз салсақ қазақ-жонғар соғысының небір жан алысып жан беріскен шайқастары осы өңірде өткен. Тек бір «Ойран» деп аталатын жердегі соғысты ел аңыз қылып айтады. Дарабоз хан батыры Қабанбайдың басшылығымен өткен сол соғыста жоңғарлардың қалың қолының ойранын шығарып шекара асырып қуған. Жер қайысқан қолды Қабанбай батыр бастаса, Шыңғожа Шөрек, Баймұрат, Бостан, Қазымбет батырлар әр тұста ту салып сарбаздарын бастап жүрген. Одан бері де бұл өлкеде ақ пен қызыл соғысып талай күнәсіз ауылдар шабылып, бейкүнә жандар баз кешкен. Азамат соғысы, қолдан күштеп мойын серік колхоздастыру кезінде, әдейі ұйымдастырылған аштықта да бұл өлкенің көп тұрғындары көрші шет елге үркіп, үрке алмағаны аштықтың жұтына ұшырады.

История районаСол колхоздастыру дәуірінде қазақ әдебиетінің қысқа әңгіме жазудағы хас шебері жазушы Бейімбет Майлин әр ауылдан лау мініп осы Үржар ауданындағы жаңадан құрылып жатқан Қарақол, Тесіпаққан, Егінсу, Амангелді, Тегісшілдік, Көктал сияқты бір сілемде жатқан арасы атты адамға тәуліктік жүретін ауылдарды аралаған. Жазушы Бейімбет Майлиннің «Дайрабайдың көк сиыры» атты әңгімесі «Алакөл көлінің» батысында орналасқан қазіргі Көктал ауылынан алынып жазылған. Қазақ өлкесінің алғашқы басшысы болған сері Сәкен Сейфуллин Алматыдан арнайы келіп, бүгінгі Науалы, Елтай ауылдарының ортасында «Тегісшілік» колхозын құрған. Сырбаз жазушы Ғабит Мүсірепов, дауылпаз ақын Олжас Сүлейменов осы Үржар өлкесінен бірнеше мәрте Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланған.
«Ақынның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» дейді дана халқымыз. Өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат. Тарихы әріден басталатын біздің Үржар өңірінде де халықтың құрметіне, қошаметіне бөленген талай ізгі жақсылар өткен. Мәселен, күркіреп күндей өткен соғыс кездері.
Жалпы, аудан өміріндегі ең ауыр және жауапты болған кезең – Ұлы Отан соғысы жылдары болды. Майданға Үржар аудандық әскери комиссариатынан – 7018 үржарлықтар аттанған. Олардың 1708 адам майданда қаза тауып, 2096 адам хабар-ошарсыз кеткен.

Әскери ұшқыш В.А.Колесников және шекарашы Ф.Ф.Озимитель көрсеткен ерен ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Үржар жері дарындылардан ешқашан кенде болмаған. Тек Үржар өңірінен бейбіт заманда атқарған ерен еңбектері үшін 18 адамға Социалистік Еңбек Ері атағы берілген. Атап айтқанда : В.С.Старушкин – «Красный партизан» колхозының механизаторы, А.И.Орлов – Мақаншы ауылының МТС директоры, Б.Кенжалов – «Қарабұлақ» совхозының аға шопаны, И.И.Даниленко – «Арқалды» совхозының директоры, І.Жаксыбеков – «Қарақол» совхозының аға шопаны, Г.Д.Подорогин – «Фурманов» совхозының механизаторы, С.Қ.Талмурзин – «Арқалы» совхозының аға шопаны, А.И.Семушкина – «Красные горные орлы» - колхозының жүгері өсірушісі, С.И.Нестеренко - «Красный партизан» колхозының механизаторы, Ф.М.Веха - «Красный партизан» колхозының механизаторы, Б.Әбжанов - «Қарақол» совхозының аға шопаны, Ү.Барлықбаев - «Красные горные орлы» - колхозының шопаны, Н.Е.Морозов – Үржар аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы, Т.Жанасылов - «Овцевод» совхозының аға шопаны, Р.Төлеубеков – «Жарбұлақ» совхозының директоры, С.І.Жақсыбеков - «Қарақол» совхозының аға шопаны, Ғ.Б.Рахимов - «Көктал» совхозының аға шопаны, Қ.С.Саяқұпов - «Тасбұлақ» совхозының комбайнері.
«Ел ерді туғызса», ері елінің туған жерінің атын шығарады» демекші Үржар өңірінің спорт саласында да қол жеткізген жетістіктері аз емес.
2008 жылы жерлесіміз Мамбетов Әсет Бейжің олипиадасына қатысып, греко-рим күресінен қола жүлдегер атады. ХХХ-Лондон олипиадасына жерлестеріміз Үржар спорт мектебінің түлектері Алмат Кебісбаев, Дархан Баяхметов, Еркебұлан Қосаевтар қатысып, ел намысын қорғады. Палуанымыз Шалқар Жоламанов Ел Призиденті жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» атағын алу жолында 2012 жылы қола, 2013 жылы күміс жүлдегер атанды.

Үржар өңірі табиғаттың анық бояуы деуге әбден болады, бір жағы жазиралы дала, енді бір жағы көкжиекке көлденең түсіп жатқан Тарбағатай асулары. Қыс алдымен тауда басталып, алғашқы қар құзарт белдерде жатады. Аудан климаты құбылмалы, құрғақ. Қысы ұзақ және суық. Жаздағы ауаның температурасы жоғары және ыстық.
Көктем болса ең бірінші бауырындағы алқапқа келеді, ал шыңдар жаздың ыстығына дейін қармен демалады. Қазір ауданда ауыл шаруашылығының жақсы жолға қойылуынан жергілікті экономиканың көтеріле бастағаны байқалады.

История районаАуданның бүгінгі күнгі тыныс-тіршілігі
Үржар ауданында негізінен қазақ, орыс, украин, татар, ұйғыр, дүнген және тағы басқа ұлт өкілдері тұрады.
2015 жылдың 1-қаңтарына, жергілікті халықтың саны -79,6 мың адамды құрады. Этникалық құрамы жағынан: қазақтар – 73,0 мың адам, орыстар –5,7 мың адам, басқа ұлттар – 0,9 мың адам. Жергілікті халық көп орналасқан елді мекендер қатарына: Мақаншы, Қабанбай, Таскескен, Науалы, ауылдары.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуымен елімізде кеден қызметі жолға қойылған. 1991 жылы Шығыс аймақтық кеденіне қарасты «Бақты» кеден бекеті құрылды.
Аудан экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрайды. Осы салада шығарылатын өнімінің көлеміне байланысты, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы қарқынды дамуда. Сонымен қатар, аудан көлемінде сауда, тұрмыстық қызмет көрсету және орта, шағын кәсіпкерлік қарқынды түрде дамуда. Ең бастысы, жергілікті халық өзін-өзі етпен, сүтпен, өсімдік майымен, жеміс-жидекпен, дәнді-дақылдармен, бау-бақша өнімдерімен, ұнмен тағы басқа өнімдермен толықтай қамтамасыз ете отырып, көршілес аудандарды да қамтамасыз етуге мүмкіндігі мол.
Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеумен айналысатын өндірісі бір жүйеге қойылған, тәулігіне 3 тонна қуаттылығымен 50 астам өнім түрлерін шұжық өнімдерін өндірумен «Швабские колбаски» ЖШС және ұлттық сусын - қымыз өндірумен «Ақберлі» ЖШС, тәулігіне 50-60 тоннаға дейін ұн өндіруші «Береке» шаруа қожалығы мен ЖК «Қарашев» кәсіпорындары бар. Нан және нан өнімдерін өндірумен «Төрлет» және «Тәтті дәмді» ЖШС-і айналысады.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы нақты секторы мен әлеуметтік саланың жағымды даму динамикасымен мінезделеді, Алакөл көлі жағалауының рекреациялық аймағы және «Барлық-Арасан» санаториялық-емдік нысаны туристік әлеуетті құруға перспективалық өңір болып табылады.
Ауданның жер асты байлығы зерттелген – қоңыр көмір мен мұнайға бай. Бұл - өмір сүрудің, өндірісті өркендетудің негізі. Қазіргі таңда, Қабанбай ауылдық округіне қарасты Жаланашкөл участогінде «Мадина» ЖШС-і тас көмір өндірумен айналысуда. Ол тек отынмен, ауданымызды ғана емес, сондай-ақ, көрші Алматы облысын да қамтамасыз етуде.
Аудан тұрғындарына 533 дүкен, 41 дәріхана, 5 диірмен, 38 наубайхана, 1 ет комбинаты, 8 кондитер цехы, 2 қымыз өндіру цехы, 7 қонақ үй, 32 техникалық қызмет көрсету станциясы, 17 жанар-жағар май станциясы, 88 қоғамдық тамақтандыру орыны, 2 базар және 70 қызмет көрсету орындары қызмет көрсетеді.
Үржар ауданында 52 мектеп бар, оның 46 орта, 5 негізгі, 1 бастауыш мектеп, 1 колледж, 1 музыка, 1 спорт мектебі, 100 орынды мектеп жанындағы интернат, 1 балалар үйі, 150 орынды «Балалар шығармашылық үйі» жұмыс істейді. Аудан бойынша 31 балабақша жұмыс атқарып, онда 1465 бала тәрбиеленуде. Барлық білім ошақтары заман талабына сай компьютермен қамтылып, интернетке қосылған.
Аудан тұрғындарына 2 медицина бірлестігі, 2 ауылдық аурухана, 18 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 5 бастапқы медициналық санитарлық көмек орталықтары, 8 медициналық, 22 фельдшерлік акушерлік пункттер, 1 туберкулезге қарсы аурухана, 3 мәдениет үйлері, 15 ауылдық клубтар, Үржар ауылындағы балалар мен жасөспірімдер театры, аудандық тарихи- өлкетану мұражайы және 7 кітапхана халыққа толыққанды қызмет түрлерін көрсетеді.

Аудан аумағында «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, аудандық ардагерлер Кеңесі, Ауған соғысы ардагерлерінің «Айбын» қоғамдық бірлестігі, «Жас Отан» жастар қанаты, барлық ауылдық округтердегі ақсақалдар алқасы, әйелдер Кеңесі, жастар Кеңестері өз жұмыстарын іске асыруда. Сондай-ақ, 31 діни бірлестіктері (олардың 29 ислам мешіттері, 1 правословиелік, 1 христиан-пресвитериандық шіркеуі) өз қызметтерін іске асыруда.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Әрбір адам біздің мемлекетімізге, оның бай да даңқты тарихына, оның болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс-қимыл жүйесін талдап жасау қажет. Елдің проблемалары да, келешегі де барлық адамға жақын әрі түсінікті болуға тиіс»,- деп атап өтті.
Елбасының алға қойған міндеттерін үржарлықтар қызу қолдап, жүзеге асыруға бір кісідей жұмылуда. Қиындықты еңбекпен жеңу қажеттігін жақсы сезінеді. Әркім өз бақытының, болашағының бапкері болу керектігі санаға сіңірілуде. Үржар Қазақстанның оңтүстік - шығысындағы шуақты, шырақты аудан ретінде әрқашан көріне беретініне күмән жоқ.
Өркені өрге жайған өлкенің жұмысы егемен еліміздің жарқын болашағы үшін жалғасын тауып, ауданымыздың одан әрі көріктеніп көркейді, ел экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында аянбай еңбек етіп болашаққа батыл қадам баса береді.

Парақтар өзгертілді: 11-09-2017