Ішкі саясат

Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл

1Дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдерімен некегетұрудың теріс салдары https://www.youtube.com/watch?v=WEIXSqby2Gs
2 Теологиялық білім алу үшін шетелге шығудың қаупі https://www.youtube.com/watch?v=w9O7rRuJURo
3 Салафизм қазақстандықтар үшін жат ағым https://www.youtube.com/watch?v=oxKS1Jwo_Jw
4 Псевдохристиандық діни ілімдердің қаупі https://www.youtube.com/watch?v=C9CD5ei-62Y
5 Псевдоисламдық діни ілімдердің қаупі https://www.youtube.com/watch?v=_w9tmXRseC4

Қазақстан республикасы дін істері және азаматтық қоғам Министрлігінің салафизм діни ағымына Қатысты ұстанымы

Министрлік қазіргі күнде тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп салафизм мәселесін мұқият қарастыруда.

Осыған дейін Қазақстанда 23 лаңкестік және экстремистік ұйымдарға, соның ішінде салафиттік бағыттағы «Ат-Тәкфир Уәл-Хиджра» экстремистік ұйымына тыйым салынғандығын атап өткім келеді.
Осы ретте салафизм ұйым емес екендігін атап өту қажет. Ол - діни ағым, көзқарастар жүйесі.

Еліміздің қолданыстағы заңдары қазірдің өзінде заңсыз уағыз жүргізу, жасырын діни жиындар мен радикалды діни әдебиеттерді таратудың жолын кесуге барлық мүмкіндіктерді береді.
Оларды орындауды қамтамасыз ету керек.

Салафизм тақырыбына келетін болсақ, мемлекеттік құрылысы шариғатқа негізделген жекелеген елдерде салафизмге жақын діни ағымдар дәстүр ретінде орнығуы мүмкін.
Ал Қазақстанға келер болсақ, отандық дінтанушылардың пікірінше, салафизм Қазақстан үшін айтарлықтай қауіп тудыратын әлеуетке ие.

Салафизм ұстанушыларының өз идеялары мен құндылықтарын біздің ұлттық мәдениетімізден, рухани дәстүрлеріміз бен құндылықтарымыздан жоғары қояды.
Салафилердің барлығы ашық айтпаса да қатаң діни қағидаларға құрылған мемлекетті қоғамдық құрылыстың «идеалды  жүйесі» деп есептейді.

Біз қазіргі күнде ислам әлемінде, соның ішінде бірқатар араб елдерінің өзінде, салафизм идеялары беделді діни тұлғалар мен  заманауи ислам ойшылдары тарапынан сынға ұшырап отырғанын көріп отырмыз.
Біз осыған байланысты салафизмді Қазақстан Республикасы үшін мүлдем жат әрі теріс діни ағым деп санаймыз.

Елімізге сырттан келген бұл діни ағым күн өткен сайын халық тарапынан тойтарысқа ұшырауда.
Жалпы, қазақстандық қоғам радикализмге жетелейтін бұл жат ағымға теріс көзқараста.

Осы себепті бүгінгі күнде еліміздегі салафизм жақтастарының саны азайып жатқандығы байқалады және олардың Қазақстанда ұйымдасқан құрылымдары жоқ.
Сондықтан алдағы уақытта салафизм идеологиясын насихаттайтын ұйымдардың пайда болуына, әдебиеттерінің таралуына және интернет-сайттарының жұмыстарына жол бермейтін боламыз.
Қажет болған жағдайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына діндар азаматтар тарапынан ел мешіттерінде бекітілген тәртіп ережелерін сақтауға көмектесетін боламыз.

Біз қазақстандық дана халқымыз елімізге жат салафизм ағымының таралуына заңмен тыйым салмай-ақ жол бермейді және зайырлы қағидаттарды басшылыққа алатын заманауи Қазақстанды құруды таңдайды деп сенеміз.
Бұл таңдауды Қазақстанның әрбір азаматы қолдауы тиіс. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады.

Аудан тұрғындарының назарына!

ҚР ақпарат және коммуникациялар Министрлігімен террористік қауіптілікке байланысты хабарламаларды қабылдау үшін біркелкі үш санды «110» қауырт желі іске қосылды.
Қазақстанның кез-келген нүктесінен «110» нөміріне азаматтардан түсетін қоңыраулар аумақтық ерекшеліктері бойынша ҰҚК Департаментінің кезекшілік қызметіне түседі.

ТҚО штабы

Ссылки на ролики 2014 года

Ссылки на ролики 2015 года

Ссылки на ролики Комитета по делам религий МКС РК

Ссылка на ролик из областной прокуратуры

 

Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің дін істері комитеті

 

Дін істері комитетінің Төрағасы Ғалым Шойкиннің ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Алқа отырысындағы сөйлеген сөзі (Астана қаласы, 16 ақпан 2015 жыл) *.doc 36 kB

2015 жылғы 26 маусымда Астана қ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетімен Қазақстандағы діни ахуал мәселелері жөніндегі Консультативтік-сараптамалық кеңестің кезекті отырысы өткізілді.
Отырысқа ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, сараптамалық қауымдастық, сондай-ақ ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Отырыс аясында Кеңес мүшелерімен елдегі діни ахуалды бағалау және талдау жүргізу мәселелері талқыланды, дін саласындағы әлеуметтік зерттеулерді өткізудің жаңа формалары мен әдістері әзірленді.

Діни ілімді дұрыс жолдан іздейік

Құрметті еліміздің азаматтары, қазақ жастары!

Діни ілімді дұрыс жолдан іздейікҚазіргі қоғамымызда ақпараттық технологиялардың жетістіктері саналатын әлеуметтік желілер арқылы көптеген мүмкіндіктер ашылуда. Соған байланысты қазіргі ел азаматтары, әсіресе жастар мен жасөспірімдер бұл қызметті тұрақты пайдаланады. Ақпараттардың тез тарауына мұрындық болып отырған осы желілер арқылы әртүрлі мазмұндағы бейнероликтер немесе үндеулер, хабарламалар да таралып жатады. Кейбір азаматтар діни мазмұндағы ақпараттарды кездейсоқ жіберсе, кейбір ақпараттар жоспарлы түрде таратылады. Сол арқылы адамдар бір-бірлерімен танысып, көзқарастарын бөлісіп, біртекті ұстанымдағы адамдар бірігіп топ құрып жатады.

Алайда, көптеген белгісіз ақпараттар мен хабарламалар азаматтарымыздың діни көзқарасын қалыптастыруға бағытталған. Олардың ішінде ең белсенді таралып отырғаны еліміз үшін дәстүрлі емес болып саналатын діни ұйымдар мен топтардың, тіпті экстремистік,  теріс сенімдік мәліметтер деуге болады. Сондықтан қазіргі діни жаңғыру, дінге оралу кезеңінде кейбір азаматтарымыздың бұрыс бағыттағы діни көзқарасқа байқамай бет бұрып, діндарлар арасында көптеген түсініспеушіліктерге, қайшылықтарға, кейде әсіредіншілдік (радикалдық) формадағы қимылдарға себеп болып отыр. Осы себепті, дін жолына, имандылық жолына бет бұрғысы келетін, не болмаса діни сауатын жетілдіргісі келетін азаматтар, жастар діни білім мен мәліметтерді еліміз үшін дәстүрлі болып саналатын ақпарат көздерінен алуы барынша маңызды. Ал діни тақырыпта сенімді әрі білікті мәліметтерді таратып отырған ақпарат көздері, олар Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына тиесілі сайттар мен мерзімдік басылымдар болып табылады. Олардың қатарында «e-islam.kz», «muftiyat.kz», «muslim.kz», «azan.kz», «islam.kz, сияқты белді интернет сайттары бар.

Әсіресе «e-islam.kz» сайтында дін саласының білікті сарапшылары оқырмандар тарапынан қойылған сауалдарға лайықты деңгейде жауаптар беріп отырады. Діни көзқарастарымыз бен бағытымыздың сенімді ақпараттардан мәлімет алуы, діни біртұтас пікіріміздің қалыптасуы еліміздің рухани тұрақтылығы мен бірлігі үшін, әрі рухани қарыштап дамуымыз үшін аса маңызды болып табылады. Сондықтан әрбіріміз өзімізге, сенімімізге, отбасымызға, жақынымызға жауапкершілікпен қарайық!!!

Кеңшілік ТЫШХАН, дінтанушы

Террористік актілерді болдырмау жөніндегі
халыққа арналған жадынама

Мұқият болыңыздар! Үйіңіздің кіреберісіндегі, аулаларыңыздағы, көшедегі бөгде заттар мен адамдарды дер кезінде өздеріңіз ғана байқай аласыздар.

Қырағы болыңыздар! Маңайдағы адамдардың жүріс-тұрысына, орынсыз жатқан иесіз мүліктер мен заттарға көңіл аударыңыздар.

Үйлеріңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз етіңіздер: кіреберісте  домофонымен темір есік орнатыңыздар, жертөлелер, үй шатырлары және техникалық ғимарат есіктерінің ашық - жабықтығын тексеріңіздер.

Көліктегі жолаушының күдікті жүріс-тұрысын көріп тұрып, байқамаған сыңай танытпаңыздар! Сіздер көлікпен жүру қауіпсіздігін сақтауға толық құқыларыңыз бар.

Ешқашан, тіпті, өте қауіпсіз болса да, қандай да бір сақтау немесе басқа біреуге беру үшін біреудің қолынан зат алмаңыздар.

Адамдар аз (иесіз) жерде күдік тудыратын затты тауып алу сіздің сақтығыңызды әлсіретуге тиіс емес. Қаскөй адам оны бір нәрседен, біреуден қорыққандықтан тастай қашуы мүмкін.

Тіпті, сіздің жарылғыш құрылғыларын білетін жеке тәжірибеңіз болса да, онымен бір нәрсе жасауға тырыспаңыз. Өздігінен жарылғыштар өте сезімтал және әккі болып келеді.

Күдік тудыратын затқа жақындамаңыздар, тіпті қол тигізбеңіздер,      бұл - өмірлеріңізге өте қауіпті.

Балаларыңызға қауіпсіздік шараларын: бейтаныс адаммен көшеде сөйлесуге, үйде есік ашуға, жерде жатқан иесіз ойыншықты алуға, көзге түскен затқа жақындауға болмайтынын және т.б. үйретіңіздер.  

 

Күдікті тұлғаларды байқаған жағдайда
халыққа арналған жаднама

Терроризм актілерін дайындау немесе жоспарлауды куәландыратын белгілері

  1. сіз жұмыс істейтін немесе үйдің ауласында, ғимарат айналасында (жиі баратын жеріңізді) күдікті тұлғалардың бірнеше рет көрінуі, фото және бейне түсірме жасауы, сондай-ақ дәптерге жазба жасау;
  2. құқық қорғау орган қызметкерлерімен кездесуден қашу және бейне камерадан бұлтару әрекеттері (басын түсіру, бұрылып кету, бетін жабу);
  3. жер төле және шатырларға техникалық қызмет көрсетуге қатысы жоқ тұлғалардың кіруі;
  4. тұрғын және әкімшілік ғимараттарға қызмет көрсететін персоналдар және күзетушілермен бейтаныс адамдардың негізсіз байланысқа түсуі, олардан жұмыс тәртібі, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар және т.б. жөнінде мәліметтерді жинақтау;
  5. бөгде тұлғалармен маңызы төмен жұмыстарды (пакет, түйіншек, посылка беріп жіберу) ірі сыйақыға орындайтын тұлғаларды іздеуі.  

Күдікті тұлғаларды байқаған жағдайда келесі іс-қимылды орындау қажет:  

  1. Ұстауға өздігімен әрекет қабылдамау;
  2. Олар жөнінде құқық қорғау органдарына шұғыл хабарлау;
  3. Өзіңіз назарға түспеу, тұлғалардың санын, нақты сыртқа белгілерін, киімдерін және оларда бар заттарды, қолдануындағы автокөлік номерін және маркасын, қозғалыс бағытын белгілеп алу.  

 

Күдікті зат тауып алған кездегі тұрғындарға
 арналған жаднама

Біліңіздер: заттардың сыртқы көрінісі оның расында неге арналғанын жасыруы мүмкін. Жарылғыш заттар үшін камуфляж есебінде әдеттегі тұрмыстық заттар қолданылады: сумка, пакет, түйіншек, қорап, ойыншық және т.б.    
Табылған заттардың жарылу қаупін куәландыратын, белгілері:

  1. көлік маңында, баспалдақта, пәтерде және т.б. орындарда белгісіз түйіншектің немесе басқада бір заттардың болуы;
  2. бөтен сумка, портфель, қорап, басқада заттың: кіреберісте, пәтер есігінің, көліктің маңында өзгеше орналасуы;   
  3. табылған күдікті заттан шудың шығуы (сағат механизміне, жиілігі төмен дыбысқа тән).

Егер де сіз күдік тудыратын зат тауып алсаңыз, ол фактіні назардан тыс қалдырмаңыз:

  1. қоғамдық көлікте:

-  заттың (сөмкенің және т.б.) кімдікі екенін немесе кім қалдырып кетуі мүмкін екенін қасыңыздағы адамдардан сұраңыз;
- егер иесі анықталмаса, табылған зат туралы дереу жүргізушіге немесе кондукторға хабарлаңыз.

  1. үйіңіздің кіре берісінде:

- көршілерден сұраңыз, мүмкін ол зат соларға тиесілі шығар. Егер иесі анықталмаса, табылған зат туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлаңыз (тел. 102, 112).

3) көшеде, саябақта және т. б.:
- айналаңызға қараңыз, егер мүмкіндік болса, заттың иесін анықтауға тырысыңыз. Егер ол анықталмаса, құқық қорғау органдарына шұғыл хабарлаңыз (тел.102, 112);
- затты бөгде адамдардан оқшаулауға немесе алыс арадан затқа бөтендерді жібермеуге тырысыңыз. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері келген бойда зат табылған уақыт туралы ақпарат беріңіз.

4) мекемелерде, ұйымдарда:

  1. - тауып алған зат туралы объект күзетшісіне немесе әкімшілігіне дереу хабарлаңыз.

Табылған затпен немесе күдік тудыратын заттармен жеке іс-қимыл жасауға тырыспаңыз, олар жарылғыш құрылғылар болуы мүмкін, бұл жарылысқа, көптеген құрбандыққа, қирауға әкелуі мүмкін.

Үзілді-кесілді тыйым салынады:

- табылған затты ұстауға, ашуға және орнынан қозғауға, бір жерден екінші жерге апаруға, қолға алуға;
- табылған затты қалтаға, портфельге, сөмкеге салуға және т.б.;
- жерге көмуге немесе оларды су қоймаларына тастауға;
- заттардан шығып тұрған сым темірлерді немесе сымдарды үзіп тастауға немесе тартуға, оларды залалсыздандыруға тырысуға;
- табылған заңсыз затты пайдалануға;
- оған жақын аралықта радио- және электрлі - аппараттарын, ұялы телефондарды пайдалануға; 

 

Жарылғыш құрылғылардың іске қосылуы нәтижесінде  жарылыс аймағында немесе ғимараттың қираған үйінділерінің арасында қалған тұрғындарға арналған жаднама

Егер сіз жарылу аймағында қалсаңыз, естен танбай, қимылдай алатын халде болсаңыз, ең бірінші кезекте түтін мен жалын жоқ жерге қарай жүруге, еңбектеуге тиіссіз.
Егер сіз жарылыс кезінде зардап шекпесеңіз, ал қасыңызда зардап шеккен адамдар болса, олардың жан-күйлерін бағалаңыз: тамыры соға ма, адам есін жоғалтқан жоқ па? Ешқашан оның есін мүсәтір арқылы жиғызуға тырыспаңыз. Естен тану – бұл организмнің сыртқы әсерден қорғануы. Егер зардап шеккен адамның сынған жерлері болмаса (оның сүйектерін мұқият басып көріңіз), оны қырынан жатқызыңыз. Ол шалқасынан жатса, құсыққа шашалып, етпетінен жатса тұншығып қалуы мүмкін. Күре тамырдан қан кеткен (алқызыл қан шапшып жатса) кезде жарақатты неғұрлым тез, тым болмағанда саусақпен басып, содан соң жараның жоғары жағынан жіппен, белбеумен, баумен, белдікпен таңу керек.

Егер сіз ғимараттың қираған үйінділері арасында қалсаңыз, саябырлауға тырысыңыз. Терең және бірқалыпты тыныс алыңыз. Өзіңізді құтқаратынына иландырыңыз. Дауыстап және заттарды соққылау арқылы адамдардың назарын аударыңыз. Егер сіз ғимараттың қираған үйінділерінің түбінде қалсаңыз, сізді жаңғырық дыбыс анықтағыш арқылы тауып алу үшін кез келген металл затты (сақина, кілт және т.б.) оңды-солды қозғап, дыбыс шығарыңыз.
Егер бекітулі кеңістікте болсаңыз, оттықты тұтандырмаңыз.  Оттегін сақтаңыз. 
Қабырғалардың қайта опырылып құлауын болдырмауға тырысып, абайлап жылжыңыз, сырттан соққан ауаның қозғалысы бойынша  бағдар ұстаңыз. Егер мүмкіндігіңіз болса, қолға ұстауға келетін заттардың (тақтайлар, кірпіштер  және т.б.) көмегімен төбені бекітіңіз, содан соң  көмек күтіңіз. Қатты шөл қысқан кезде кішкентай тасты аузыңызға салып, сорыңыз, мұрныңызбен тыныс алыңыз.

 

Адамдарды кепілге алған жағдайдағы іс-қимылдар бойынша
тұрғындарға арналған жаднама

Адамдарды кепілге алудың әрбір нақты жағдайы өзгеше және басқалардан ерекшеленеді. 
Сонымен қатар егер сіз кепілге алынсаңыз: 
1) өз-өзіңізге мүмкіндігінше жылдам келіңіз, тынышталыңыз және үрейленбеңіз; 
2) егер өзіңізді байлап немесе көзіңізді жапса, бойыңызды еркін ұстауға тырысыңыз, терең тыныстаңыз; 
3) болуы мүмкін қатаң сынаққа жеке адами, моральдық және эмоционалды тұрғыда дайын болыңыз. Осы ретте адамдарды ұстаудың көптеген жағдайларында кепілге алынғандардың тірі қалғандығын есте сақтаңыз. Сізді босату үшін құқық қорғау және арнайы органдары кәсіби шаралар қолданып жатқанына сеніңіз;  
4) егер қашып кете алатыныңызға толық сенімді болмасаңыз, қашуға тырыспаңыз; 
5) террористер туралы мүмкіндігінше көбірек ақпаратты есте сақтаңыздар. Олардың санын, қарулану дәрежесін мақсатқа сай белгілеу, дене бітіміне, сөйлеу акценті мен тақырыбына, темпераментіне, өзін ұстау мәнеріне және т.б. сыртқы пішінін сипаттайтын ерекшеліктерге көңіл аудара отырып, барынша толық кескінін жасау. Жан-жақты ақпараттың соңынан террористердің жеке бастарын анықтауда көмегі тиеді;
6) әр түрлі белгілер бойынша өзіңіз отырған (қамалған) орынды  анықтауға тырысыңыз;
7) мүмкіндігінше терезелерден, есіктерден және адам ұрлаушылардың өздерінен алысырақ, яғни құқық қорғау органдары белсенді шаралар қабылдаған жағдайда (үй-жайға шабуыл, мергендердің қылмыскерлерді көздеп атуы және т.б.) неғұрлым қауіпсіз жерге орналасыңыз;
8) ғимаратқа шабуыл жасаған жағдайда қолды желкеңізге қойып, еденге етпеттеп жатуды ұсынады; 
9) егер шабуыл жасаған және басып алған кезде Сізбен әдепкіде (Сіздің жеке басыңызды анықтағанға дейін) ықтимал қылмыскер ретінде бірқатар дөрекі іс-әрекетке барса, ашуланбаңыз. Сізді тінтуі, қолыңызға кісен салуы, байлауы, эмоционалдық немесе жеке басыңызға жарақат жасауы, тергеуге алуы мүмкін. Бұл тәрізді жағдайларға түсіністікпен қараңыз, шабуылдаушылардың мұндай әрекеттері (барлық адамды түпкілікті сәйкестендіргенге және шынайы қылмыскерлерді анықтағанға дейін) дәлелденген. 

 

Адамды ұрлаушылармен өзара қарым-қатынас:

  1. агрессивті қарсылық көрсетпеңіз, шалт және қауіп төндіретін қимыл жасамаңыз, террористерді өздері ойластырмаған іс-әрекеттерге итермелемеңіз;
  2. мүмкіндігінше адам ұрлаушылармен тікелей көзбен арбасатын байланыстан қашыңыз;
  3. бастапқыдан - ақ (әсіресе, бірінші жарты сағатта) адам ұрлаушылардың барлық бұйрығын және өкімін орындаңыз;
  4. пассивті ынтымақтастық позициясын ұстаныңыз. Сабырлы дауыспен сөйлесіңіз. Басып алушылардың ашу-ызасын тудыруы мүмкін  дұшпандық рең мен іс-қимылға шақыратын жек көрушілік сезімін білдіруден қашыңыз;

5) өзіңізді сабырлы ұстаңыз, бұл ретте өз абыройыңызды сақтаңыз. Үзілді-кесілді қарсылық жасамаңыз, бірақ өзіңізге өте қажетті жағдайда сабырмен өтініш жасаудан қорықпаңыз;
6) аталған жағдайда қатты күйзелуден қозғалуы мүмкін  денсаулық кінәратыңыз болса, бұл туралы өзіңізді ұстап отырған адамдарға сабырлы түрде жеткізіңіз. Қалыптасқан жағдайларды ескере отырып, біртіндеп өзіңіздің жай-күйіңізді жақсартуға байланысты өтініштер деңгейін арттыруға болады.

Кепілдік жағдайында ұзақ болған кезде:

  1. уайым, абыржу және асып-сасу сезімінің орын алуына жол бермеңіз. Алдағы сынақтарға өзіңізді ойша дайындаңыз. Ақыл-ой белсенділігін сақтаңыз;
  2. ашыну сезімінің пайда болуынан қашыңыз, ол үшін өз-өзіңізді сендірудің ішкі ресурстарын пайдаланыңыз;
  3. жағымды нәрселер туралы ойлаңыз және сондай жағдайларды еске түсіріңіз. Уақыт өткен сайын сізді босату мүмкіндіктерінің арта түскенін ойлаңыз. Сізді дәл қазір босату үшін барлық мүмкіндіктердің жасалып жатқандығына  сеніңіз. 
  4. өзіңізге тұрақты айналысатын бір іс (дене жаттығулары, кітап оқу, өмір туралы естеліктер және т.б.) табыңыз. Дене және интеллектуалдық іс-қимылдың тәуліктік кестесін белгілеңіз, оларды қатаң әдістемелік тәртіппен орындаңыз;
  5. күшіңізді сақтау үшін, тіпті ұнамаса және тәбетіңізді ашпаса да берген тағамның бәрін жеңіз. Осындай қысылтаяң жағдайда тәбетіңіз бен салмағыңыздың жоғалуы қалыпты құбылыс болып табылатындығына ден қойыңыз.

 

Психологиялық орнықтылықты сақтау кепілдегі адамды құтқарудың маңызды шарттарының бірі. Мұнда ойдың айқындығын сақтауға, жағдайды дәлме-дәл бағалауға мүмкіндік беретін жағымсыз әсерлер мен күйзелістерден оқшаулайтын кез келген амал-әдістер тиімді. Келесі ережелерді ұғып алған пайдалы:

  1. аталған жағдайларда қолайлы дене шынықтыру жаттығуларын жасаңыз, кем дегенде, денедегі барлық бұлшық еттерді кезек-кезек ширықтырыңыз және босаңсытыңыз;  
  2. барлық жағдайларда аутотренинг пен медитацияны қолдану өте пайдалы, олар өз психикаңды бақылауда ұстауға көмектеседі;
  3. ішіңізден оқыған кітаптарыңызды, өлеңдеріңізді, әндеріңізді   есіңізге түсіріңіз, жүйелі түрде әр түрлі дерексіз проблемаларды  (математикалық есептерді шығарыңыз, шетел сөздерін есіңізге түсіріңіз және т.б.) ойлап алыңыз. Сіздің ақыл-ойыңыз жұмыс істеуі керек.
  4. егер мүмкіндік боласа, қолыңызға түскеннің бәрін, тіпті оның мәтіні сізге мүлдем қызықсыз болса да оқыңыз. Сондай-ақ жазғандарыңызды қайтып алатынына қарамастан, жазуыңызға да болады. Ақыл-есті сақтауға көмектесетін осы үдерістің өзі маңызды.  

5) Болып жатқан жағдайларды жүрегіңізге жақын алмай,  сырттан қарауға тырысыңыз, соңына дейін істің сәтті аяқталатынына сеніңіз. Қорқыныш, торығу мен селқостық – бұл үшеуі сіздің негізгі жауыңыз, оның бәрі – өз ішіңізде жатыр.  

 

Эвакуациялау туралы ақпарат алған кездегі
тұрғындардың іс-қимылдары жөніндегі жаднама

Егер сіз қауіпсіз жерге көшіруді бастау туралы ақпаратты  үйіңізде естісеңіз:

1) ауа-райына қарай киініңіз, құжаттарыңызды, ақшаларыңызды, бағалы заттарыңызды алыңыз;
2) электрді, газды, суды ажыратыңыз, пештегі (алау ошақтағы (камин) отты сөндіріңіз;
3) көшу кезінде қарияларға және ауыр науқастарға көмек көрсетіңіз; 
4) кіреберіс есікті құлыпқа жабыңыз; 
5) ғимараттан шығыңыз және көшірушінің командасын орындаңыз, тастап кеткен үй-жайға жауапты адамдардың рұқсатынан кейін ғана қайта оралыңыз.

Егер сіз қауіпсіз жерге көшіру туралы ақпаратты  жұмыс орныңызда естісеңіз:
 
1)  асықпай және дүрлікпей жұмыс құжаттарыңызды сейфке  немесе кілтпен жабылатын үстел жәшіктеріне жинаңыз;
2) өзіңізбен бірге жеке заттарыңызды, құжаттарыңызды, бағалы заттарыңызды алыңыз;  
3) ұйымдастыру техникаларын, электр құрылғыларын сөндіріңіз;
4) есікті кілттеп жабыңыз және көшіру тәсілінде белгіленген бағытпен жүріңіз; 
5) ғимараттан шығыңыз және көшіру басшысының командасын орындаңыз.

 

Исламның ұлтқа көзқарасы

Автор: Сандыбаев Жалғас Садуахасұлы 
дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты

«Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» (ҚР Конституциясы)

Полиэтносты Қазақстан халқы үшін дәстүрлі исламның рухани әлеуеті мен құндылықтары ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім мәдениетіне ықпалы зор екені белгілі. Себебі, ислам діні мұсылман дінін ұстанатын халықтардың рухан-имани өрлеуі мен қайта жаңғыруында басым және жетекші рөл атқарады. Белгілі ғалым М. Орынбеков «Духовные основы консолидации казахов»еңбегінде дін исламның қазақ қоғамындағы орны мен маңызын былай деп баяндаған: «Адамның теңдігі мен еркіндігін, өмірдегі әділеттілік пен қайырымдылық құндылықтарын уағыздаған мұсылман діні – еркіндік және бауырмал түркілердің дүние танымына тең келеді. Мұсылман бейнесі халықтың басым көпшілігі үшін өте тартымды. Ислам жоғарғы биліктің басындағылардан бастап, төмендегі кедейлер мен жарлы-міскіндерді қамтыған әрбір әлеуметтік таптың түсінігі мен ұстанымына лайық әрі дұрыс келді».

Енді осы Ислам дінінің ұлтқа, ұларалық қанынастарға ұстанымын қарастырып, оның ішкі догымаларына талдау жасап көрейік. Бұл біздерге Исламның ұлт мәселесіне қаншалықты көңіл бөлетінін және өзге ұлттармен бейбіт ғұмыр кешуге шақыратынын көрсетпек. Тіпті, адамдардың өзара қарымқатынасын реттейтін дін исламдағы қағидаттардыңАта заңымыз Конституциямен де сәйкес келіп жататынтұстарын да байқауға болады.

Сонымен, мамандардың айтуынша «ұлт» ортақ тілі, қалыптасқан мәдениеті, біріктіруші салт-дәстүрлері мен діні бар адамдардың әлеуметтік бірлестігі. Сонымен бірге көптеген ұлттардың ортақ аумағы, ортақ экономикасы, сол ұлт өкілдерін біріктіретін мемлекеті болады.

Біраздан бері ұлт, қоғам, дін және мемлекет сияқты өзекті мәселелерге қатысты зерттеу жасап жүрген ғалым Амангелді Айталы ағамыз да, өзінің «Ұлт дегеніміз ұлы ынтымақтастық» атты мақаласында: «Ұлт» терминін әртүрлі анықтауға болар, бірақ оның терең әлеуметтік, тарихи тамырын, тіл бірлігін, мәдени ерекшелігін, дәстүрлері мен салтын көрмеу мүмкін емес», – деп ұлт ұғымына қатысты ойын топшылайды. Демек, әрбір ұлттың тілі, тарихы мен мәдениеті, салты мен дәстүрі және діні болады. Ал енді Исламдағы «ұлт» ұғымы бірнеше мағынада келуі мүмкін: біріншісі, «шағб» – аймағы мен мәдениеті және тілі ортақ халық, ұлт; екіншісі, «қабилә» – ру, жүз мағынасында келеді; үшіншісі, «умма» – рухани және діни сенімі бір, соның арқасында бір-біріне жақын адамдардың тобы, үлкен қоғам, үмбет.

Құранда бұл туралы былай делінген:
«Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың»(Шуғара: 13).
Осы аятты қағида етіп ұстанған Ислам ешбір ұлтқа бір ұлттың үстінен үстемдікті, бір нәсілдің басқа нәсілден жоғарылығын, бір текті келесі тектен артық қоймайды, жақсырақ санамайды барлығы тең. Артықшылық тек құдайшылдықта, тақуалықта. Бұған қатысты белгілі хадистердің бірінде Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) мынадай хадисі бар:
«Арабтың араб еместен артықшылығы бар ма әлде араб еместің араб алдында артықшылығы бар ма? Немесе қара түстінің ақ түстінің алдында артықшылығы бар ма, әлде керісінше болады ма? Артықшылық тек – тақуалық пен жақсылықта ғана болады!». Жоғарыдағы аят пен хадистің көргеніміздей Ислам адамды ұлтына, жынысына, дініне немес нәсіліне, мансабы мен қызметіне қарап бөлмейді. Бірін-бірінен артық көрмейді. Артықшылық тек жақсылықта. Егер біз исламдағы осы ереженің мазмұнын қазіргі тілмен баяндайтын болсақ, онда: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды», – деп Ата заңымыз Конституциямен үндесіп жатқан жерлерін де көруге болады.

Исламда адамның тегі мен нәсіліне қарағанда рухани жақындық пен тақуалық бірінші орынға шығады. Сондықтан да Құранда «үмбет» сөзі жие айтылады:
«Сендердің үмбеттерің бір-ақ үммет. Мен Раббыларыңмын...»(Әл-Әнбия: 92).Бұл аят барлық мұсылмандардың бір үммет екенін айтып отыр. Бұлардың барлығы тең. Ал енді басқа дін өкілдеріне келер болсақ олар да өз үмметтеріне жатады:
«Мұхаммед! Егер Раббың қалағанда адамдарды бір-ақ үммет қылар еді. Ал олар қайшылықта түсулерін үнемі жалғастыруда. Бірақ Раббыңның рақым еткендері ғана одан аман қалуда. Алла оларды осы үшін жаратты...» (Һуд: 118-119).

Себебі, әрбір үмметтің өз елшісі бар:
«Әр үмметтің елшісі бар. Олардың елшілері келген кезде, араларына әділдікпен үкім шығарылады әрі оларға зұлымдық қылынбайды»  (Жүніс: 47).
Ислам қандай да бір ұлтқа оның ұлты үшін қарсы шықпайды және басқаларды да соған үндемейді. Себебі, Ислам ұлтқа және ұлттық мәселеге қатысты анық әрі берік ұстанымға сүйенеді. Бұл ұстанымның түсіндірмесі – тағдыр концепциясы, яғни Алла адамдарды түрлі ұлт етіп Өзі жаратты. Демек, адам оны өзгерте алмайды. Оны өзгертуге адамның құқығы  да жоқ, құдіреті де жетпейді. Мұсылман ғалымдары осы тұжырымды басшылыққа ала отырып, адамдардың ұлттарға, тайпаларға бөлінуі ақыр заманға дейін жалғаспақ деп біледі.

Ислам жай ғана ережелер жиынтығы емес, оның ішінде мәдениеттер мен алуан түрлі дәстүрлер бар. Сондықтан Ислам – жер бетіндегі этникалық мәдени дәстүрлерді жоққа шығармайды, керісінше, оларды өз ішіне қамтиды.Британдық тарихшы, философ Арнольд Джозеф Тойнби өзінің «Цивилизация перед судом истории» атты жинақтамасында Ислам дініндегі татулық пен бірлікке қызыға отырып, былай сипаттайды: «Мұсылмандар арасындағы нәсілділік сананың жойылуы – Ислам мен қазіргі әлемнің керемет жетістіктерінің бірі. Осы Исламдық қасиетті тарқату қажеттілігі жие кездеседі».

Кейбір исламның атын жамылған «мұсылманшыл» ағымдардың насихатынан естіліп,шет мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарынан ара-сыра көрініп қалатын «Мұсылмандық ұлшылдық», «Исламшыл нәсілдік» немесе «Діни ұлтышлдық» сияқты ұрандары шынайы исламның доктринасында жоқ. Бұл –мемлекет ішіндегі тұрақтылық пен бейбітшілікті  бұзуға және Исламды «құбыжық» етіп көрсетуге бағытталған теріс пиғылды ағымдардың, дін дұшпандарының жасайтын айла-тәсілдері.Шынайы Ислам қоғам мүшелерін өзара достық орнатуға, бір-бірінқұрметтеуге үндейді. Мұның айқын мысалын халықтың жетпістей пайызын мұсылман халқы құрайтын өзіміздің полиэтносты қоғамымыздан көріп отырмыз. Тарихи және мәдени қалыптасқан Ислам діні адамгершілік пен рухани құндылықтар арқылы халықтыңәлеуметтік, идеялық тұрғыдан ұйысуына негіз болып, елді бірлікке, татулыққа шақырыпкеледі.Құдай тағала бізді осындай бірлік пен татулықтан айырмасын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.

 

Серия публикаций Қазкенова Бағдат Айтөреұлы

Бұл мәселеде бірлік керек
Қазкенов Бағдат Айтөреұлы
«Шарайна» газеті, 22.11.2013 жыл


Қазақ қоғамын қазіргі күні діни ахуал толғандырып отырғаны жасырын емес. Әртүрлі діни ағымдардың насихаты белең алып, жастарды Ислам дінінің асыл жауһарларынан адастыруда. Ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) салып кеткен Ислам дінінің тура жолын бұрмалаушылардың әсерінен кейбір жастар дін жайында қарама-қайшы пікірлер айтып жүр.
Бүгінгі таңда мемлекетімізде өзекті де өткір тұрған дін мәселесі кім-кімді болмасын ойландырып отыр. Исі мұсылман бауырларымыздың, әсіресе, қазақ жастарының соқыр сенім мен жалған ақпараттың құлы болуы ертеңгі болашағымызға өз көлеңкесін түсірері хақ.

Ислам дінінің асыл құндылығын ел арасында түсіндіру мақсатында Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының шақыртуымен қазақ жеріне келген Египеттегі «Әл-Азхар» университетінің ұстазы, шейх Ибрахим Хамдулла Хафиз Мұхаммад Жезқазған, Сәтбаев қалаларында болып, бірнеше кездесулер өткізді.

Соның бірі – Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешітте өткен БАҚ өкілдерімен жүздесу.
Шейх кездесу барысында тілшілердің сұрағына жауап беріп, еліміздің төңірегінде туындап тұрған мәселені шешу жолында қандай қадамдар жасау қажеттігін ортаға салды.
Журналист: Дәстүрлі емес діндердің Исламға қарама-қайшылығына тоқталсаңыз.

Шейх: Бүгінгі таңда, жасыратыны жоқ, дәстүрлі діннен бөлек әртүрлі біздің салт-санамызға, дәстүрімізге сай келмейтін ағымдар кең етек жайды. Әсіресе, қазақ жастарының арасында осындай жалған ағымның құрбаны болудың үш себебі бар. Бірінші себебі – уахабизм мен сәләфизмнің жетегінде жүрген мұсылман бауырларымыз Пайғамбарымыздың алтын тізбегінен білім алмағандардан дәріс алуы. Яғни, олардың ұстанып отырған бағыттары Пайғамбарымыз ұстанған наным-сеніммен ұштаспайды.Ал, екінші себебі – имамдардың мәселеге оң көзбен қарауы байқала қоймайды. Жалпақ тілде жеткізер болсақ, имамдарда еріншектік басым. Имамдар Ислам дінін мешіттерде арнайы сабақтарда түсіндіруі қажет. Адам рухани азғындыққа бой ұрғанда білім іздейді. Ал, рухани байлықтан жұтағандарға дәстүрлі дін мен дәстүрлі емес діндердің ара-жігін ашып айтатын, түсіндіретін имамдар болмағандықтан, жат ағымның жетегінде кетті. Үшінші бір себебі – үкіметтің де бұл мәселеге бей-жай қарап отырғаны сезіледі. Біздің елімізде де осындай күрделі мәселе орын алды. Үкімет тарабы бұл мәселеге салғырт қарамауы керек. Егер де жат ағымдағы топтар шығып жатса олармен тығыз жұмыс жүргізілсе, мәселенің оңай шешілетіні анық. Мұндай мәселеде бір елдің идеологиясы жатады. Сол елдің идеологиясын тарату тұрғысына келгенде топтар жұмыс жасайды. Қомақты қаржылар да құйылады. Ендігі уақытта осындай топтардың жат насихатына тосқауыл қою үшін мемлекет бір жұдырық болып қарсы тұруы ләзім. Сонда ғана бөтен ағымның, бөтен мемлекеттің идеологиясымен жастардың санасы уланбайды. Қайта, Пайғамбарымыздың алтын тізбегіне мойын ұсынып, дәстүрлі діннен алшақтамайды. Қайталап айтамын, өз бетінше ілім алып, дінді насихаттаған адамнан дәріс алудың соңы өкінішке алып барады. Дәл осы топтардың ислам дініне қарама-қайшылығын тыю үшін бірігіп жұмыс жасау қажет.

Журналист: Жастардың басқа бағытқа кетпеуі үшін қандай жұмыстар атқарылуы қажет?
Шейх: Ең бірінші ақпараттық құралдарда дәстүрлі дін жайында көп мәліметтер айтылуы керек. Егер де дінге бет бұрып, ниет етемін деп шешсеңіз мешіттің имамдарына, ұстаздарға барып дәріс алыңыз. Дұрыс бағыттағы бейнежазбаларды тыңдаған абзал. Имамдармен қатар, БАҚ саласының өкілдері де діннің асыл құндылығын жариялаудан тартынбағаны жөн. Неғұрлым дұрыс бағытта ақпараттандырылса адамдар теріс бағыттағы жолды ұстанбайды. Мешітке келген жамағатқа имам дәстүрлі дінді түсіндіріп бергені дұрыс. Мемлекет, имамдар, БАҚ бірлесіп жұмыс жасап, ақ пен қараның ара-жігін ашып айтып отырса, халық өзге жат ағымның теріс пиғылының дұрыс еместігін түсінеді. Кейбір азаматтар имамдардың айтқанын теріске шығарып, оның айтқанымен келіспей жатады. Осы тұста үкімет те имамдарға қолдау білдіріп, дәстүрлі Ислам дінінің қоғамымызда нықтап орын алғанын, осы дін біздің дәстүрімізбен біте қайнасып жатқанын ұғындырса жат ағымның сөздерін қабылдамайды.

Журналист: Бүгінгі бейбіт заманда мақсат-мүддесі түсініксіз жағдайда өзге елдің аумағында жүрген қазақ жастары жайындағы ой-пікіріңізді ортаға салсаңыз
Шейх: Жиһад араб тілінен аударғанда күш-жігер деген мағынаны береді. Араб тілінде белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін, яки бір істі істеу үшін бар қажыр-қайрат пен ынта-жігерді жұмсау, тырысу, күресу деген мағыналарды білдіреді. Жиһадты қару алып соғысу деп біржақты түсінуге болмайды. Соғыс тұрғысындағы жиһадты алсақ, оның өзінің шарттары бар. Осы шарты табылғанда ғана барып шыбын жаныңызды Отаныңыз үшін, отбасыңыз үшін қиясыз. Жалған ұранмен қолға қару алып нақақтан нақақ біреуді жазым қылу не өзін-өзі жазым қылуға шариғатта қатаң тыйым салынады. Ислам дінін таратып, насихаттау үшін ұлы ғалымдар қаншама тосқауылға ұшырады. Кейбір елдер олардың бұл насихатына қарсылық білдірді. Олар Ислам дінін дәріптеу мақсатында күш-жігерлерін аямады. Біз осыны жиһад деп толық айта аламыз. Ал, қазіргі күні жалған ұранның жетегіне еріп шекара асқан жастардың мақсаты анық емес. Өйткені, ол жақта жиһад жоқ. Жиһад тек дипломатиялық қатынастардың деңгейінде жүзеге асады. Елбасы соғыс жүріп жатқан елге қосымша күш беру үшін рұқсат бергенде ғана жиһад болып есептеледі. Топ ішінен басшы сайланып, шекарадан өтіп жиһадқа кеттік деу өте қате пікір.
Сұхбатыңызға рахмет!

***
Ойланайық, бауырлар!

Бағдат Қазкенов
«Шарайна» газеті, 24.07.2015 жыл

Қазақ қазақ болғалы бері не қиямет қайғыны көрмеді десеңізші?! Арғы тарихты ақтарып айтпағанның өзінде Кеңестік дәуірдің тұсында дін мен тіл үшін қуғынға түсіп, ұлтын ойлап ет жүрегі езіліп, еміренген талай нар тұлғаларымыз көмусіз қалды.

Жүрегі «қазақ» деп соққан сол тұлғалардың ұрпағы бүгінде хақ дін мен жат діннің арасын айырмай адасып барады. Адасқаны емес пе, туған әкесі мен анасын, Отанын сатып, кемелді келешегін тұмандатып, кәпірлермен соғысамыз деп шекара асып жатқандығы…. Одан арғы тағдыры бір Алланың қолында.
Ата-ананы, туған-туысты жан-жағындағы таныстарына қарабет қылып, айрандай ұйып отырған отбасының шаңырағын ортасына түсі¬рген мұндай жат ағымның идеологиясына ұлттық құн¬дылықтарымызбен тойтарыс берудің өзі әлсіз болып тұр.

Ұлттық құндылық¬тары¬мызды, ата-баба салған сан ғасырлық дәстүрлі құнды-лықтар мектебін білмей жатып, мешіт имамдарынан дә¬ріс алмай тұрып, жолында кезіккен біреудің жымысқы идеологиясын санаға сіңірген ұрпақтың кезеңі келгенінен қауіптенетін сәт әлдеқашан туды.

Біздің кенді қаладан да отбасын алдап, шекара асып, мүлдем санаға кіріп-шықпайтын әрекеттердің ортасында жүріп «Біз ислам дініне бағынбаған кәпірлерді жер бетінен жойып, исламдық халифат құрудамыз» деп езеуреп жүргендердің ша¬ри¬ғатымызда имамның, (мем¬лекет басшысының) рұқсатынсыз соғысқа шығуға тыйым салынғанын білмегендігін, діни сауатының шала-шарпылығын байқатады.
Әлемдік ақпарат арналары мен ғаламторды шуылдатқан Сириядағы 150 қазақстандықтың бүгінде саны өсіп жатыр. Отбасы, бала-шағасымен кеткендердің де қатары молаюда. Өмірге енді келіп, жақсылықтан нәр алуға тиісті бүлдіршін жауыздықтың ортасында жүр. Олардың арғы тағдырын ойлаудың өзі денеңді түршіктіреді.

Ал, соңғы мәліметтерге қарасақ, ИШИМ (Ирак жә¬не Шам ислам мемлекеті) өздеріне жақтас ретінде әйелдер қауымынан да қол жинауда. Оның түпкі негізінің қайда жатқандығы тағы да белгісіз.
Сириядағы қазіргі жағдайда теріс пиғылды ради¬калдық ағым¬дар исламдағы жиһад сөзін пайдаланып, қол астын¬дағыларын сол жерге соғысқа аттандыруда. Негізі бір елдің ішкі шаруасына араласуға ешкімнің құқы жоқ. Олардың өздерінің пәтуа беретін ресми діни басқармасы және мүфтилері мұсыл-мандардың арасында болып жатқан қақтығысқа от салмай татуластыруы тиіс. Өйткені, мұсылмандар бір-біріне зиян бермеуі керек. Ол жайлы Пайғамбарымыздың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) көптеген хадис-тері бар. Соның бірі: «Мұсылманды сөгу – пасықтық, ал оны өлтіру – күпірлік» деген (Муслим риуаяты). Және де: «Мұсылман мұсылман бауырына қару көтерсе, онда ол екеуі де тозақ отында», — деген. Сонда жанындағылары: «О, Алланың Елшісі! Өлгеннің кінәсі неде?» дегенде, ол (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Ол оны да өлтіргісі келген еді», деді (Бұхари, Муслим риуаяты).
Осыған орай, жиһад елді басқарып отырған басшының рұқсаты және дін істерін басқарып отырған діни басшылар мен ғалымдардың пәтуаларымен іске асады. Ал, қазіргі жағдайда жи¬һадты өздері жариялап, өзге мұсылман бауырының өлімін мойнына жүктеп жүрген жерлестеріміздің әрекетін қай санамызға салып екшемекпіз?

Әбу ханифа мазхабымен ұлттық бітім-болмысымыз, дәстүріміз, салт-санамыз біте қайнасып кеткен 11 ғасырлық ата дінді көзге ілмей жүргендердің ұлттық сана-сезімін жат идеология әбден адастырып болды.
Біртұтас ұлт болуды көз¬деп отырған елімізде діни алауыздыққа жол жоқ. Бір заманда «Бөлінгенді бөрі жейді» деген қазақ, ел шетіне жау тисе «Абылайлап», «Қаптағайлап» бораған оқ¬қа кеудесін тосқан ер бабалардың ұрпағы бүгін¬де жат ағымның жетегіне еріп, өзгенің сойылын соғуға мәжбүр болды. Себеп көп. Оның салдарын болдырмаудың амалы қандай? Дәрменіміз құр уағыз айтудан әрі аспай отыр.
Біз бір шаңырақ астында ұлттық жарасымы молынан пішілген мемлекет боламыз десек, ұлттық болмысқа қауіп төндіретін жат ағымдарға бірлесе тосқауыл қоюымыз керек, өйткені, ол түбінде ұлттық қауіпсіздікке әсер етпей қоймасы анық.

Сондықтан да Алланың ақ жолынан таймай, мемлекет және дін басына бағынып, тату-тәтті тіршілігімізді мән-мағынасыз жолға сарп етпей, келер ұрпағымыздың өз елінде бейбіт аспан астында өмір сүруіне жағдай жасайық. Ойланайық, бауырлар!
Бағдат Қазкенов.

***

Ұлттық болмыс – зайырлы қоғамның құндылығы

Бағдат Қазкенов
«Шарайна» газеті, 22.05.2015 жыл

Бүгінгі қоғамда туындаған қандай мәселенің болмасын мемлекет дамуына, оның тұрақтылығына кері әсерін беретіні даусыз. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген мақал бар қазақта. Міне, сондай жіктің бірі – діни талас-тартыс. Әрине, бұл мәселе бір күнде ғана туындаған жоқ. Сан ғасырлар бойы әр ұлттың өзі ұстанған дінін насихаттауда кедергілер де болды. Ұлы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) ислам дінін иісі мұсылман жамағатына таратуда да талай теперіш көрді. Алла елшісі әмірінің өзіне берген жарлығымен ислам дінінің қанат жайып, іргесін тіктеуге бар күшіне салды. Қазақ ұлтының рухани бай мұраларымен астасып, салт-дәстүрмен сіңісіп кеткен ислам дінін бүгінде кейбір ағымдардың жетегінде кеткендер бұрмалап, қазақтың бар болмыс бітімін жоққа шығаруға тырысуда. Соның әсері болса керекті, кейбір жастарымыз ұлттық құндылықтардан бойларын алшақ ұстауға дағдылануда. Бұл кеселдің алдын алу өзін зайырлы мемлекет деп таныған қазақстандық қоғам үшін өте маңызды мәселеге айналып тұр. Жақында осы мәселелердің түп қазығы қайдан шықты, ұлттық болмысты сақтаудың жолдары қандай, жас буынды ұлттық болмыстан ажыратып алмау үшін қандай шаралар қолға алынуы қажет деген мәселелер көтерілген ауқымды шара ұйымдастырлды. Сананы селт еткізген семинар Қалалық әкімдік пен былтырғы жылы ашылған діни сенім сұрақтары жөніндегі орталықтың ұйымдастыруымен «Қазіргі діни ахуал жағдайындағы дәстүрлі құндылықтар және ішкі тұрақтылық мәселелері» тақырыбында №16 орта мектептің қабырғасында үш күндік семинар және Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қала мектептеріндегі дінтану негіздері пәнінің мұғалімдері, ақпараттық-насихат тобының мүшелері мен мешіт имамдарына арналған семинарда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының қызметкерлері дәріс оқыды. Семинардың бірінші күні дінтанушы, орталықтың исламды зерттеу бөлімінің басшысы Мұқан Исахан «Қазақстан Республикасындағы діни ахуал: жай-күйі және өзекті мәселелері», «Қазақстан тарихындағы ислам дінінің таралу үрдістері және даму кезеңдері» тақырыбында кеңінен ақпарат берсе, орталықтың ғылыми хатшысы, философия ғылымдарының кандидаты Аслан Омаров «Қазақ халқының рухани қайраткерлерінің діни көзқарастары. Дәстүрлі қазақ мұсылмандығы, әлемдік діндерге тән ортақ құндылықтар» жайында дәріс оқыды. Орталықтағы исламды зерттеу бөлімінің бас ғылыми қызметкері Мәрлен Мүслімов діни экстремизм мен терроризм идеологиясының ұлттық қауіпсіздікке қатері жайлы баяндамасында көпке ой саларлық құнды мағұлматтармен бөлісті. Осы күні орталық мамандары түрлі діни ағым жетегінде жүрген қала азаматтарымен, мешіт жамағатымен кездесулер өткізді. Семинардың екінші күні орталықтың Христиандық және Қазақстан үшін дәстүрлі емес діни ағымдарды зерттеу бөлімінің басшысы Галина Новикова қоғамда дау тудырып отырған жат ағымдарға жастардың еліктеу себептерін түсіндірді. Ал, орталық директорының ғылыми іс жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Бекжігіт Баймаханов еліміздегі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылы қабылданған заң турасында кеңінен ақпарат бере келе, мемлекет пен діннің арақатынасын құқықтық реттеу, конфессияралық келісім, татулық пен тұтастық төңірегінде ой қозғады. Рухани құндылықтардың жас буын үшін ақ пен қараны ажыратуда көп рөлінің зор екені айтылған семинарларда дәріс тыңдаушылар «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына бірнеше өзгерістер енгізу туралы өз ұсыныстарын айтып, санада жүрген сауалдарға жауап алды. Яссауитанушы, филология ғылымдарының кандидаты, араб әдебиеті (құрантану) бойынша ғылым магистрі Айнұр Әбдірәсілқызының жетекшілігіндегі орталық қызметкерлері алғашқы екі күнде жиналған жұртшылыққа көп ақпарат ұсынды. Ал, семинардың соңғы үшінші күнінде орталық басшысы Айнұр Әбдірәсілқызы Қазақстандағы этноконфессиялық идентификация мәселесі, дін және дәстүр сұхбаты заманауи сын-тегеуріндер тақырыбымен қатар, дінтану білімінің жай-күйі және өзекті мәселелерін ортаға салды. – Жаһандану жағдайында тамырлана бастаған этноконфессиялық идентификация мәселесі бүкіл әлемдік қауымдастыққа жақсы таныс. Дегенмен бұл мәселе тұтастай алғанда жалпы халықтың, жекелей алғанда жастардың өміріндегі бетбұрыстық өзгеріс ретінде барлық қоғамдар үшін бірдей маңызды деуге келмейді. Әлемдік кеңістікте бірұлтты мемлекеттер жоққа тән екендігін ескерсек, этноконфессиялық идентификация мәселесін күн тәртібіне шығару көп жағдайда дәстүрлі құндылықтарынан қол үзбеген және мемлекет құраушы ұлттардың ел өміріндегі орны салмақты қоғамдар үшін маңызды. Түбі бір түркі халықтарының мыңжылдықтар бойына рулар мен тайпалар, бертінде ұлттар мен ұлыстар болып, саралану үдерісі Еуразия кіндігінде орналасқан қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына алғышарт жасады. Қазақ халқы жеке ұлт ретінде тарих бетінде ХV ғасырдан бастап айшықтала бастағанымен туған топырағымызда жасаған сақтар мен ғұндардың, Көк Түріктердің, солар қалыптастырған даңқты Тұран өркениетінің заңды мұрагері болып табылатыны белгілі. Өркениетті ел ретінде бүгінгі қазақ, кешегі түркі жұрты өзінің дінге қатысты таңдауын жасаған болатын. Ол – ислам еді. Өйткені ұлтымыздың жан дүниесімен, рухани құндылықтарымен, табиғи сенімдерімен барынша үйлескен бірден-бір дін – ислам діні болды. Ғасырлар бойы халқымыздың болмысына сіңе отырып, ислам біздің бүгінгі бірегей мәдениетімізді құраған, мемлекеттілігімізді қалыптастырған ата дінімізге айналды. Дін мәселесін тіл мәселесінен бөлек қарастырмау керек. Тілді тірілтсек, дәстүрлі рухани құндылықтарды тірілтеміз. Дәстүрлі құндылықтар ұлттық болмысты, ұлттық мінезді тірілтеді. Қазақ өз мінезіне оралса, ешқашан шетін діни көзқарастарға бой алдырмайды. Себебі қазақ – мәмілегер (толерантты) халық. Дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі. Діни мүдде мен ұлттық мүдденің тоғысқан тұсы да осы. Дінаралық келісім мен мәдениеттер үндестігі аясында қол жеткізген ең басты жетістігіміз – жиырма үш жылдық ішкі тұрақтылық ең алдымен мемлекет құраушы қазақ ұлтының рухани тінінің беріктігіне байланысты қалыптасқаны белгілі. Елдік мүддені ту еткен халық ретінде ең алдымен діни-ұлттық бірегейлікке негізделген осы рухани тінді әлсіретіп алмауға күш салуымыз қажет, – деді Айнұр Әбдірәсілқызы. Санаға серпіліс беріп, діннің, ұлттық болмыстың мәселесін өз деңгейінде ашып, көпке ой салған семинар жұмысы үш күн дәріс тыңдаушыларға сертификат берумен тәмамдалды. Дәріс тыңдаушылар өз тараптарынан осындай кең ауқымда сұхбат жүргізіп, ненің жат ненің хақ екенін ұғындырған орталық қызметкерлеріне алғыстарын білдірді. Көптің көкейінде жүрген көп сауалға жауап табылды Үш күндік семинар барысында орталық басшысы Айнұр Әбдірәсілқызының қатысуымен өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда бүгінгі діни ахуалдың, рухани құндылықтардың жай-жапсары талқыланып, көптің көкейінде жүрген көп сауалға жауап табылды. Конференцияны қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай ашып, жүргізіп отырды. Жарыссөзге шығып, баянадма жасаған орталық директоры Айнұр Әбдірәсілқызы, Христиандық және Қазақстан үшін дәстүрлі емес діни ағымдарды зерттеу бөлімінің басшысы Галина Новикова, Қарағанды облысы Діни бірлестіктер, діни оқу орындары, миссионерлермен және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды жүргізу жұмыстары жөніндегі бөлім басшысы Серік Тілекбаев, Б.Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің бас имамы Қондыбай қажы Әкбаров, қалалық діни сенім сұрақтары жөніндегі орталықтың басшысы Зәмзәгүл Қиянова ұлттық болмыс – зайырлы қоғамның құндылығы екендігін жетер санаға жеткізіп-ақ, баяндады. Залдағы тыңдармандар тарапынан конференция барысында да сауалдар мен ұсыныстар айтылды
Бағдат Қазкенов.

***

Қондыбай қажы Әкбаров Сәтбаев қалалық Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің бас имамы: "Діни білімді тек қана мешіттен алу керек"

Бағдат Қазкенов

«Шарайна» газеті, 10.04. 2015 жыл

Соңғы кездері қалалық Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің бас имамдық қызметіне келген азаматтардың дін саласындағы, мешіттің ісін жүргізуде кемшін тұстары табылып, көпшілік көңілінен шықпады. Шаһар ақсақалдары осы мәселені Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы деңгейіне дейін көтеріп, өз аймағымыздың жөн- жоралғысын, әдет-ғұрпын ислам дінімен ұштастыра білетін жергілікті маман сұрап хат жолдаған болатын. Бас мүфти де ел ақсақалдарының сөзін екі айтқызбай, қасиетті Ұлытау жерінің тумасы Қондыбай қажы Әкбаровты орталық мешіттің бас имамы ретінде тағайындады. Содан бері де бір ай уақыт өтіпті. Жақында қаланың дін басы ретінде тағайындалған Қондыбай қажымен жолығып, жаңа имамның жаңа міндеттері жайлы сұхбаттасқан болатынбыз.
Журналист: – Қондыбай қажы Серікбайұлы, мешіт төңірегіндегі осыған дейінгі даулы мәселенің барлығы өзіңізге аян. Мына сәтбаевтық қалың мұсылман жұртшылығы «мешіттің тізгінін иманды имам алған шығар» деп қуанып жатыр. Қордаланған мәселелердің де түйіні бірте-бірте тарқатылып келе жатқан сыңайлы. Қазір сол мәселелерді шешуде қандай жұмыстар атқарылуда?

Имам: – Ассалаумағалейкум, құрметті туған-туыс, бауырлар! Әлбетте, туған жерге келіп, оның қай саласын өркендетіп, дамытуда өзінің өзегінен шыққан баласы үлесін қосып жатса нұр үстіне нұр емес пе?! Қала халқы, ақсақалдар маған үлкен сенім артып, мешіттің жұмысын жандандырады деп ниеттеніп отыр. Ол кісілердің сенімін ақтау жолында бар білім-білігімізді осындағы дін мамандарымен бірлесе отырып қызмет жасаймыз. Өткен іс өтті. Мен 2011 жылы Жезқазғанға өкіл имам болып келгенде біраз жұмыстар атқарылған еді. Алайда, бірнеше уақыттан соң атқарылған жұмыстар топан су шайқағандай жуылып, шайылып, дін саласында ешқандай жұмыс жасалмағанға теңеліп кетті. Сол Жезқазғандағы медресенің де адам көргісіз кейпінен арылтып, жөндеп, шәкірттерге бергеніміздің өзі үлкен сауап болды. Ал, қазіргі мешіттің төңірегіндегі дау-дамай басылып, жаңа міндеттер жолында бір кісідей жұмылып жатырмыз. Ислам дінінің негізгі қағидасы – барлық кісі мешіттен тәлім-тәрбие алуы керек. Мешіт ішіндегі жағдайды сыртқа, сырттағы жағдайды мешіт ішіне әкеліп, теріс-үгіт насихат жасап, сорпасын аласапыран етіп қайнатып жатса ауызбіршілігіміз, тұтастай ұйыған берекеміз қайда қалмақ? Сондықтан барлығымыз бір үйдің баласындай бір мақсат жолына ұйысып жатсақ ислам дінінің көркеюіне қосқан үлесіміз болар еді. Осы мешіттің тізгінін қолға алған аз уақыт ішінде мешіт жанындағы асхананы жалға алуға төленетін қаржыны банк арқылы төлеу режиміне көштік. Одан бөлек, асханадағы, мешіт ішіндегі төсеніштерді ауыстыру, тазалығына аса көңіл бөлу жұмыстары қолға алынып, айналасын абаттандырып, гүлдендіру мәселесін жоспарға қойып отырмыз. Іс-қағаздарын ретке келтіріп жатырмыз. Алдағы уақытта дінге бет бұрған жас намазхан бауырларымызды өзіміздің ислам дінінен алшақтамау мақсатында спорттық іс-шараларды ұйымдастырсақ па деген ниет те жоқ емес.

Журналист: – Өзіңізге аймақтың діни ахуалы бес саусақтай анық. Қаладағы дін мәселесі жөнінде, әсіресе жастардың имандылыққа бет бұрыс жасауына қандай ой айта аласыз?
Имам: – Мен еліміздің біраз аймақтарында имамдық қызмет еттім. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, еліміздің өзге аймақтарындағы жастар хақ дін мен жат дінді ажырата біледі. Жезқазған өзге аймақтардан оқшау жатқандықтан болар, жастар көп нәрсені ғаламтордан іздеп, содан ілім алады. Жалпы алғанда біздің кейбір жастарымыз вакумда қалып қойды. Сол вакум шеңберіндегі өздері пір тұтатындардың айтқан сөзі дұрыс та өзгенікін жөн емес деп таниды. Әрине, барлығы бірдей шариғат жолынан тайып жатқаны жоқ. Қазақта «бір құмалақ – бір қарын майды шірітеді» деген сөз бар. Өзгенің айтқанына жүріп, айдауына көнгендердің теріс пиғылдары жанындағылардың да оң ісіне көлеңкесін түсіріп жүр. Құрметті сәтбаевтық жастар! Менің сіздерге қаланың дін басы ретінде айтар ақылым, ата-ананың көз жасына қалып, ислам дінін тері түсініп қабылдау бұл шариғатта жоқ нәрсе. Ата-анам намаз оқымады деп берген асын ішпей, бас тарт деген де хадисте жоқ. Сондықтан да ақ пен қараны, оң мен солды ажырату үшін ілімді ең әуелі мешіттен, имамдардан алу қажет. Бізде мешіт жанынан сауат ашу курсы жұмыс жасайды. Осында қазір 50-ге тарта бала білім алып жүр. Оның да жұмысын жандандырып, бір жүйеге келтіріп жатырмыз.

Журналист: – Сирия, ондағы джиһат мәселесі қазіргі күні біздің аймаққа өте ауыр жағдай әкелуде. Ертең мені бақытты етіп, аналық, әкелік парызымның өтеуін жасайды деп сенім артқан бір отбасының баласы, маған жан-жарым, баламның аяулы әкесі ретінде қамқорлық жасап, бауырларына қамқоршы болады деген кейбір жастардың отбасын ойран етіп, Сирияға кетуі бұл – нағыз адасушылықтың белгісі. Осы мәселе жөнінде не айтасыз?
Имам: – Ислам дініндегі көп хадистерді жеткізуші Әбу Хурайра деген сахабаның анасы ислам дінін қабылдамаған.Кәфір болған. Алайда, Әбу Хурайра анасына жақсы құрметпен қарап, оны сыйлаған. Пайғамбарымыздың қасында жүріп, көп ілім алған ол анасын бірте-бірте ислам дін ізгілікке, қайырымдылық пен адамгершілікке, бауырмалдыққа шақыратын дін екенін айтып, түсіндірген. Анасы одан кейін барып, ислам дінін мойындаған деген тарихи дерек бар. Жастар арасындағы мұндай мәселенің туындауы көп жағдайда Құран кәрім аяттарын толық біліп, меңгермегендіктен туындайды. Олардың арнайы ислам дінін насихаттайтын ұстазы жоқ. Сүйенетіні де ұстазы да ғаламтор болды. Ал, егер солардың шынай ұстазы болса оларға ислам дініндегі адал мен харамның, қайсысы адамгершілікке жататынын ұғындырып бере еді. Ұстазы жақсының - ұстамы жақсы боларын да қазақ айтып кеткен ғой. Сондықтан да джиһат деп шекара асқан жастардың болашақ тағдыры әрқайсымызды алаңдатып отыр. Жалпы алғанда ислам діні соғысқа үгіттемейді. Джиһат сөзінің бірнеше ұғымы бар. Ең әуелгі мағынасы өз нәпсіңе джиһат жасау. Осыны жастар сергек саналарына сақтай білсе деймін.

Журналист: – Құрметті бас имам, сұхбатыңызға рахмет! Алла ризашылығы үшін, ислам дінін көркейтіп, дамыту жолында жасаған әрбір ісіңізге береке тілейміз!
Сұхбаттасқан Бағдат Қазкенов.

 

***

Орталық бағындырар белес әлі алда

Бағдат Қазкенов
«Шарайна» газеті,10.04. 2015 жыл

Былтырғы жылдың 15-ші тамызында қалалық ішкі саясат бөлімінің жанынан құрылған Діни сенім сұрақтары жөніндегі орталық өз жұмысын әуелгіде дін мәселелері жөнінде жарияланған мақалаларға мониторинг жүргізуден бастады. Қазіргі таңда еншісін алып, қаладағы діни сұрақтар мен осы төңіректегі ахуалдың оң шешілуіне ықпал жасауды көздеп отырған орталықтың басшысы Зәмзагүл Қиянованың айтуынша, атқарар жұмыс шаш-етектен.
– Ішкі саясат бөлімінің аядай ғана бір бөлмесінен орын тепкен орталық жұмысы бүгінде қала басшысы Әнуар Омардың қолдауымен жанданып келеді. О баста «діни сауаты бар мамандар жоқ бұл орталықтың жұмысы күні ертең-ақ тоқырайды» дегендер де болды. Алайда, аймақтағы діни ахуалдың халі күрделі болғандықтан, өзімізге жүктелген міндет арқылы осы мәселені бір жағына шығару ниетінде тынбай еңбек етіп келеміз.
Біздің шаһарда діни ахуалдың түйткілді мәселеге айналып жатқан жасырын емес. Көп жастарымыз әртүрлі ағымдардың етегін ұстап, солардың сойылын соғып жатқан олардың санасына сіңген уытты қайтару үшін көп жұмыс атқаруды жоспарлап отырмыз. Орталықта 9 қызметкер бар. Оның сыртында ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін 17 адамнан құрылған топ жұмыс жасауда. Бұл топтың да жаңа мақсаттары айқындалып, топ мүшелеріне жауап міндеттер жүктелді.

Жақында осы ақпараттық үгіт-насихат тобының жұмысын жүйелеу мақсатында топ мүшелерімен жиын өтті. Топ құрамында дінтануышы ақсақалдарымыз, орталық мешіттің бас имамы, сондай-ақ, жат пен хақты айырып беретін мектеп ұстаздары мен БАҚ өкілдері бар.
Осы уақыт аралығында бірнеше мекеме, ұжымдармен, салафилік бағыт ұстанған кейбір азаматтармен олардың туыстарымен де кездесу өтті. Сирияға кетіп жатқан балалардың да ата-аналары хабарласып жатыр. Әрине, бұл бағыттағы кездесулер жабық күйде өтеді.

Жезқазған аймағы бойынша шаһарымызда бірінші болып жұмыс бастаған орталық республикалық деңгейдегі дінтанушылармен, теологтармен тығыз қарым-қатынас жасауды жоспарға қойып отыр. Алдағы уақытта семинарлар, конференциялар ұйымдастырылып, топ мүшелері мен жалпы мұсылман жамағатының діни білімін жетілдірсек деген ой бар.
Мақсат – біреу ғана. Дінге бет бұрған жастарымызды сан ғасырлық ұлттық дәстүрімізбен астасып кеткен Имам ағзам Әбу Ханифа мазхабы шеңберінен шықпай, дұрыс жолда ілім алуға жағдай жасау, – дейді Зәмзагүл Ертайқызы.
Мақала авторынан: Бұл орталық қоғамдық сұраныс негізінде құрылып отыр. Айқын да анық мақсат-міндеті бар мекеменің апыл-тапыл басқан қадамы алдағы уақытта ширай түсіп, көп мәселенің күрмеуін шешуге ықпал жасайды деп сенеміз.

Бағдат Қазкенов.

***
«Жан-жақты білім болмай, істің мәні оңбас», - дейді жас теологтар
Бағдат Қазкенов
«Шарайна» газеті, 07.08.2015 жыл

Адам рухани құлдырауға түскенде азық болатын құндылық – білім. Ағартушылық және діни білімді ұштастыра білген ұлы ғұламаларымыздың дәуірінде тура жолдан адасушылардың қатары сирек болды. Ал, бүгінде ғылым мен жаңа технологияның дамыған заманында діни де, ағартушылық білімнің де маңыздылығы уыстан сусып барады. Соның салдарынан көп жастар діни сауатты ғаламтордан ашып, өзге елдің шейхын пір тұтып жүр. Бұлардың санаға сіңген уытын тек білікті дінтанушы мамандар мен теологтардың сапалы білімі ғана қайтармақ.
Былтырғы жылы құрылған қалалық дін мәселелерін зерттеу орталығына осы екі білімнің де қайнар көзіне қаныққан теолог мамандардың қажет екендігін орталық ашылған күннен бастап айтылған өзекті мәселе еді. Жақында орталық бұл мәселені де шешіп, қала әкімі Әнуар Омардың қолдауымен екі жас теологты қызметке алды.
Олжас Исмаилов – Жезді кентінің тумасы. Жезқазған қаласындағы №7 Қ.И.Сәтбаев атындағы лицейде білім алған. Ал, Фариза Тәжібекова Шет ауданы «Жарық» станциясында дүниеге келген. Ерлі-зайыпты жас маман – Алматы қалсындағы «Нұр-Мүбәрак» университетінің түлектері.
Олжас университеттің магистратурасын тәмамдаған.

Жас дінтанушы мамандармен бүгінгі діни ахуал төңірегінде сұхбаттасқан болатынбыз.
Журналист: – Елімізде дінтанушы мамандар даярлайтын «Нұр-Мүбәрак» университетінде кімдерден дәріс алдыңыздар деген сауалдан әңгімемізді өрбітсек.
Теологтар: – Бұл жоғарғы оқу орнында біз елімізге танымал Қайрат Құрманбаев, Рахмжан Әкімбеков, Мұхиден Исаұлы, Алау Әділбаев, Оралхан Сейдаманов сынды ұлағатты ұстаздармен қатар, «Әл-асһар» университетінің докторлары Махфуз Мухамад, Ридо Дақиқи, Ато Сымбати деген дінтанушылардан дәріс алдық.
Журналист: – Алматыда төрт жыл қатарынан ислам дінінің асыл құндылықтарына қанығып, ненің ақ, ненің қара екенін ой елегінен өткіздіңіздер. Ол жақтағы қазақ жастарының діни тұрақтылығымен біздің аймақтағы жастардың діни көзқарастарынан қандай айырмашылықты байқадыңыздар?

Теологтар: – Негізінен Алматы қаласы – жастар көп шоғырланған шаһар. Соған қарамастан, жастардың діни тұрғыдағы ой-пікірлері бір арнаға тоғысқан. Әуелгіде жат ағымның ығына жығылғандар да болды. Бірақ, дәл қазіргі сәтте алып шаһардағы жастардың көбісі жат ағым мен тура діннің ара-жігін ажырататындай жағдайда. Әрине, бұл аймақта дінтанушы мамандардың тапшылығынан тура жолға салып, жастарға бағыт-бағдар беретін имамдардан басқа мамандар болмады. Соның әсерінен діңге бетбұрыс жасаған жастарды әр ағымның «шолақ белсенділері» өз ығына жықты.

Журналист: – Аймақтағы ахуалдың жай-жапсарын бес саусақтай біліп отырсыздар. Жастардың діни сауатын ашуда кемшін тартып жатқан тұстар қайсы?
Теологтар: – Жастардың жат ағымның жетегіне еріп, өзге елдің азаматын өздеріне рухани көсем санап жүргендерінің басты себебі – діннен сауаттарының төмендігі. Ал, олардың сауатын ашуда кемшін тартып жатқан тұстар жеткілікті. Ең бастысы, дұрыс ақпараттың санаға сіңірілмеуі. Теріс ағымдағы азаматтар мен арадағы диалогтың әлсіздігі олардың күннен-күнге күшеюіне әкеліп отыр.
Журналист: – Алдағы мақсат-міндеттеріңіз қандай?

Теологтар: – Біздің қазіргі басты міндетіміз – жастармен жиі кездесіп, жеке-жеке сұхбаттасу. Олардың діни тұрғыдан сауатын ашып, басына түскен қиындығы болса соны шешуге бірлесе отырып жұмыс жасау. Рухани құндылықтарымыз қазақы тәрбиедегі ата-ананың рөлі турасында кең ақпарат беру. Осы сұхбатты пайдалана отырып, ата-аналарға, жастарға айтар тілегіміз бар. Құрметті қылықты қыз, ұлықты ұл тәрбиелеп отырған ата-аналар, замандастар! Егер де Сіздерді дін тұрғысындағы сұрақтар мазаласа орталыққа келіп, бізден тура жолды нұсқайтын дәрістерді тыңдауларыңызды сұраймыз.
Сұхбаттасқан Бағдат Қазкенов.

***

'ИШИМ" террористік ұйымы және оның төндіретін қаупі
Бағдат Қазкенов

Қазіргі таңда барша елдің арасында «ИШИМ» атауын естіген көпшілік «Бұл не ұйым өзі?» деп таңырқап жатады. Талай азаматтардың адасуына әкеліп соқтырп отырған бұл террористік ұйымның мақсат-мүддесі өздерінше ислам халифатын құрып, дүниежүзін бағындырамыз деген ойға саяды.

Қаламыздағы дін мәселелерін зерттеу орталығына жұмысқа орналасқан Жасұлан Нұрмұхан қарағанды мемлекеттік университетін биыл тәмамдаған жас саясаттанушы. Философия және психология факультетін ерекше үлгідегі дипломға аяқтаған жас маманның дипломдық жұмысында бүгінде әлемдік деңгейде террористік ұйым деп танылған «ИШИМ-нің» ұңғыл-шұңғылын зерттеген.
Бүгінгі сұхбатты біз осы ұйымның қайдан және қалай пайда болғаны турасында айтпақпыз.
Журналист: – Жасұлан, жалпы бұл ұйымның құрылуы өте қауіп төндіріп тұрғаны бесенеден белгілі. Неліктен бұл тақырыпта дипломдық жұмысыңды қорғадың?
Саясаттанушы: – Сауалыңыз өте орынды. Бұл тақырыпта дипломдық жұмыс жазуымының басты себебі – қазіргі таңда «ИШИМ-нің» әлемдік деңгейде дүрбелеңі көп елді әуре-сарсаңға салды. Әріге бармай-ақ, өз елімізден де ислам халифаты құрылып жатыр деген желеумен замандастарымыз шекара асып кетті. Мен бұл ұйымның дін атын жамылып ұлтаралық татулыққа сызат түсіретін теріс пиғылды жандардың әрекеті екендігін түсіндіру мақсатында осы тақырыпта ғылыми ізденіске бардым.
Журналист: – Жөн-ақ. Ал, осы тақырыпта ізденіске бара отырып қандай тың деректерді дипломдық жұмысқа пайдаландың және қалың көпшілікке бұл ұйымның қайдан шықанын, қысқартылып айтылып жүрген атауының қандай мағына беретіндігіне тоқталсаң.

Саясаттанушы: – «ИШИМ» (Ирак және Шам ислам мемлекеті) Ирак және Сирияда әрекет ететін ислам атын жамылған террористік ұйым.
15 қазан 2006 жылы «Ирак ислам мемлекетінің» құрылғандығы жайлы мәлімдеме жасалды. Бастапқы кезде «Әл-Каида» террористік ұйымының құрамдас бөлігі болған. 9 сәуір 2013 жылы өзіндік күш ретінде Башар Асад режиміне қарсы антиүкіметтік күштер тарапынан Сириядағы азаматтық соғысқа араласқаннан кейін бұл ұйым «Ирак және Сирия (Шам) ислам мемлекеті» (басқа нұсқаға сүйенсек «... және Леванта» - қазіргі таңдағы Сирия, Ливан, Палестина, Иордания, Израиль мен Мысырдың кейбір аймақтарын қамтитын территорияның атауы) деп атала бастады.

Бұл топ Ирактың солтүстік және батыс аймақтарына толыққанды шабуылды бастауымен 2014 жылы баршаға танымал болды. Радикалдар 1 ай ішінде бірнеше қалаларды бақылауға алды: 10 маусым олар Мосулды (үлкендігі жөнінен Ирактың екінші қаласы) басып алды, келесі күні – Тикритті, ал бірнеше күннен кейін Бағдадқа жақындады. Маусымның аяғында террористтер Сирияның солтүстігіндегі Алеппо қаласынан Ирактың шығысындағы Дияла провинциясына дейінгі жерлерді қамтитын өзіндік квазимемлекеттің құрылғандығы жайлы мәлімдеме жасады. 3 тамыз күні террористтер екі үлкен мұнай қорын бақылауға алды. Абу Бакр әл-Бағдади террористтердің басшысы «Халиф» болып жарияланды. Мемлекет болып жарияланғанын бірде-бір мемлекет мойындамаса да, «Ирак және Шам ислам мемлекеті» өзінің географиялық атауын алып тастады. Қазіргі таңда «ИШИМ» шариаттық басқару формасы бар «жартылай шынайы квазимемлекет» (жалған мемлекет) болып табылады.

«ИШИМ» содырлары бүкіл әлемге қауіп төндіріп тұр. Себебі бұл террористік ұйымның қатарында әлемнің түкпір-түкпірінен келген әлем елдерінің азаматтары жүр. Олардың басты мақсаты –өздерінің құрған «халифат» шекарасын ұлғайту. Осы мақсатқа жету жолында бұл ұйымның мүшелері өздерін де өзгені де аямайтыны анық. Бұл ұйымның басты ерекшелігі – заманауи технологиялармен жұмыс жасай білуінде. Заманауи технологияларды пайдалана отырып, адамдарды қатарларына қосу алдыңғы орынға қойылған. Сирия мен Ирак жерлерінде жасалған әскери қылмыстарынан кейін тұрғылықты жердің тұрғындары бастарын аман алып қалу мақсатында Еуропа елдеріне бас сауғалауға мәжбүр болды.

Журналист: – Бұл ұйымнан біздің елге де қауіп төніп тұрғаны анық. Осы тұрғыда жас саясаттанушы ретінде қандай ой айтасың?
Саясаттанушы: – Жасыратыны жоқ, Қазақстаннан, соның ішінде Сәтбаев пен Жезқазған қалаларынан Шам жеріне соғысқа аттанған азаматтар бар екені баршамызға мәлім. Алайда олардың саны жайлы ресми ақпарат жоқ. 2015 жылдың сәуір айында ғаламтор желісінде қазақтың қаракөз балалары жат елде соғыс өнеріне дайындалып, радикалды идеологияны сіңіріп жатқандығы жайлы бейнеролик жарияланды. Осы індеттің салдарының бірі ретінде қала тұрғындарының «джиһад» жолында «хижрат» жасаймын деген ниетпен бала-шағаларын алып, соғыс жайлаған жат елге барып орналасты. Қылмыскер адамды патшам деп мойындап, оған мойынұсынды. Бұл сұмдықтар айсбергтің беті ғана. Бұл мәселенің негізгі себебіне үңілсек, қала тұрғындарының діни салада білімінің төмен дәрежеде екеніне көзіміз жетеді. Осы тұрғыда білімсіздіктің кесірінен ұлттық құндылықтарымыздан ажырап, тарихымызды ұмытып, діни наным-сенімдеріміз лайланып, ата-бабадан бізге мұраға қалған ислам дінінен ажырап қалып, дін жөнінен оңы мен солымызды айыра алмайтын дәрежеге жеттік. Осыны пайдаланған арам пиғылды уағызшылар азаматтарымыздың санасын улап, қоғамдықбірлікке сызат түсіріп, қоғамда бүлік шығарды. Адамдарды ислам дінінен шошитын жағдайға жеткізді.
Журналист: – Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін қайтпек керек?

Саясаттанушы: – Ұлт болып аталған індетке қарсы тұру мақсатында баршамыз бірігіп, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға» міндеттіміз. «Ауруын жасырған өледі», демекші, бұл мәселеге көз жұма қарамай, қайта оны мойындап, баршаның назарын осы мәселеге аударуымыз қажет. Бірлесіп күресу арқылы біз радикалды идеологияға төтеп бере аламыз. Балаларымыздың назарын білім алуға, жетілуге, рухани дамуға, ұлттық мәдениетімізді бағалап, оны қастерлеуге тәрбиелеуіміз қажет. Сол арқылы біз қоғамда әр түрлі ауытқуларға қарсы «иммунитет» қалыптастыра аламыз.
Бұл ауруды емдеу арқылы ғана қоғамда бірлік, елімізде береке орната аламыз.

Сұхбаттасқан Бағдат Қазкенов

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызымен сұхбат

«Даиш −мүдделер қақтығысының құралы»

− Армысыз, Айнұр Әбдірәсілқызы! Сізбен кезекті сұхбатымызды бүгінгі күннің өзекті мәселесі – Таяу Шығыс тақырыбына, соның ішіндегі ДАИШ ұйымының іс-әрекетіне арнамақ ниеттеміз...

«Cоғыс – идеялар күресі» деген анықтаманы адамзат тарихы ғасырлар бойы қайталап келеді. Менің түсінігімде қазір соғыс идеялар күресі болудан кеткен. Қазіргі соғыстар – мүдделер қақтығысының шегінен шыққан шақтағы қасіретті салдары. Оларға себеп болған ортақ тін − геосаяси мүдде. Ол әр кезеңде, әр өлкеде әртүрлі желеумен көрініс тауып отыр. Оның субъектілері – кейде мемлекеттер, кейде ықпалды жеке тұлғалар болып келеді.
Енді Сириядағы жағдайды Таяу Шығыстың жеке мәселесі емес деп санайтын тұжырымымызға келейік. Таяу Шығыс мемлекеттерінің ғасырлар бойы Еуропаның отары болып келгенін дүниежүзілік тарихты мектеп қабырғасында ежіктеп оқыған отандық ойлы оқырман жақсы білуге тиіс. Сол саясаттың салдары өткен ғасырдың өн бойында Таяу Шығысты азаматтық соғыстың, азаттық күрестерінің ордасы етті.  Бірде қосылып, бірде ірге бөлісіп, сан салалы тағдырды бастан кешкен Таяу Шығыс елдері дербес мемлекеттерге айналып, ғасыр соңында тыншығандай хәл орнағаны мәлім. Бірақ ширығып алған саяси сананы ішкі тұрақтылыққа сына қағушы күштер жаңа арнамен жарып шығуға арандатты. Бұл жолғы мүдделер қақтығысына құрал болған лайықты форма – дін атын жамылған радикалдану құбылысы еді. ДАИШ – осы бағыттағы үдерістердің ащы жемістерінің бірі.

− Қалай ойлайсыз, оның жақтаушылары да осылай пайымдай алар ма екен?
Радикалды топтардың ұшар басында тұрғандар бұл бағыттағы барлық әрекеттерге дін атаулының мүлде қатысы жоқтығын жақсы біледі. Яғни діни идеологияның еліктіру құралы мен бетперде екендігі олар және сыбайластары үшін айдан анық, күннен жарық мәселе.
Төменіректегі орта бөлік үшін дін мен дүние мүддесі аралас жатыр. Нақтырақ айтсақ, олардың арасында бұрмаланған мәніндегі дін идеясына көзсіз берілгендер де, бетпердесін баса киіп, үлкен қаржы жолында дін атын қолжаулық еткендер де баршылық.
Ал жалған идеяға жаңа елітіп, жалындап жүрген, ыстық-суығы басылмаған, ақиқатқа көзі ашылмаған төмендегі топ үшін, әрине, идея бірінші тұр. Олар үшін жазықсыз жанның қанын төгу дін жолындағы ұлы күрес іспетті. Өкінішке орай басым көпшілікті құрайтын осы бөлік өздері арбалған жалған идеяның бірінші кезектегі құрбандары да өздері екенін сезіне бермейді.

− Қайсысы қауіптірек?
− Ешбірі осал емес. Ақымақтың үлкен-кішісі болмайтыны секілді, қауіптің де үлкен-кішісі болмайды. Адамзатқа қарсы қылмысқа дін атын жамылғы ету – осы дәуірдің нәубеті. Қазіргі қимыл осы қауіпті бейтараптандыру мен бетпердесін ашуға бағытталуы қажет. Бағытталып та жатыр.
Бірақ қауіптілік тұрғысынан келгенде мен назарды мәселенің басқа қырларына аударғым келер еді. Лаңкестік әрекеттер бір ғана аты жаман ДАИШ ұйыммен, бір ғана өрт шалған өлкемен шектеліп отырған жоқ. Кез келген уақытта ұйымдасқан лаңкестік әрекетті жүзеге асыруға дайын қауіпті күштердің әлемнің әр түкпірінде қалыптасып үлгергенін соңғы кездері жиілеп бара жатқан қантөгістер айқын аңғартып отыр. Бұл – алаңдатарлық емес, уайымдатарлық жайт. Жаһанданудың қайтарымсыз үдерісі, ашық шекара саясаты мен ашық ақпарат кеңістігі еркін байланыстарға ғана емес, жағымсыз салдарларға да жол ашты. Өкінішке орай, өркениетті даму сатысына өткен шағында адамзат осындай қауіппен өмір сүруге мәжбүр болып отыр.
Атап айту қажет, жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіретін мұндай қантөгістер өз кезегінде әлемдік қауымдастықтың лаңкестіктің алдын алу шараларында күш біріктіріп, жұмыла түсуіне, пәрменді тетіктер қалыптастыруына әсер ететіні айқын. Ұлттар мен мемлекеттердің өзін-өзі сақтау инстинкті мен қалыптасқан қауіпсіздік институттары еріксіз осыған алып келеді. Бірақ екінші жағынан «Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» деп атамыз қазақ айтпақшы, мұндай оқиғалар түсінігі біржақты тұлғалар санасында исламофобияны өршітуге тағы да себеп болатынын жасыруға болмайды. Оған мүдделі күштердің жан сала кірісіп отырғаны да айқын.

− Дәстүрлі сұрақ: Не істеу керек?
 Тек осы мәселе бойынша ғана жауап берер болсақ, бір нәрсені ескеруіміз керек: Біз қанша жерден «лаңкестік – дінге жат» деп жар салып жатқанымызбен, ислам қайраткерлері мен күллі мұсылман қауымы лаңкестікті қатаң айыптап отырғанымен, ақпарат кеңістігінде исламофобияны қоздыруға себеп болатын ақпараттардың көптігі белгілі бір дәрежеде өз салдарын тудырады. Ал исламға деген жеккөрінішті көзқарас өз кезегінде кері әсер туғызып, қарапайым мұсылмандардың ашу-ызасы мен наразылығына себеп болатыны анық. Сондықтан лаңкестікке қарсы күрестің басты бағыттарының бірі ақпарат кеңістігін азаматтарды исламофобияға жетелейтін орынсыз айыптауларға толы жағымсыз ақпараттардан арашалау, осы тектес мәліметтерден мүмкіндігінше тазарту болуға тиіс. Сонымен бір мезгілде діннің шынайы болмысын, реттеушілік функциясын терең түсіндіретін жан-жақты, мазмұнды мәліметтерді көптеп жариялау қарқынды түрде жүргізілуі қажет. Қазақтың «Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын» дейтіні осы.

Ал экстремистік мазмұндағы мәліметтерге тосқауыл қою мәселесі ше?
– Бұған дейін де жүргізіліп келе жатқан экстремистік және террористік мазмұндағы мәліметтер мен ғаламтор ресурстарына тосқауыл қою ісін одан әрі жандандыру, жеделдету қажеттігі – басы ашық мәселелердің бірі. Тек Елбасымыз орынды ескерткендей, «лаңкестікпен күрестің дінмен күреске айналып кетпеуін» ерекше қадағалау маңызды. Себебі, қаласақ та, қаламасақ та рух саулығынан гөрі бас амандығын көбірек ойлау – адамзат қоғамына тән сезік. Қазірдің өзінде «Дінге сенудің, діни сенім бостандығына жол ашудың қажеті бар ма өзі?» деп, сенім мәселесіне тек қауіпсіздік тұрғысынан ғана қарайтын көзқарастардың аз айтылып жүрмегенін ескерген жөн. Бұл да өз кезегінде шектеулі көзқарас болып табылады, ал шектелушілік белең алған жерде даму тежеледі. Сонымен қатар шектеулі көзқарастар қашанда қарсы пікір мен наразылықтың туындауына себеп болып табылады.
Дін мәселесіне қауіпсіздік тұрғысынан қарау жеткіліксіз, оған құндылықтық тұрғыдан назар аудару қажет.

Сөзіңіз аузыңызда, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сіз «діни экстремизм» және «діни терроризм» терминдеріне қатысты оқшау пікір айтқан едіңіз. Сол пікіріңізді тарата айтатын орайлы сәт келген тәрізді...
− Ол ой былайша өрбіген еді: Біз әдетте «Шетін көзқарас – дінге жат», «Дінде экстремизм де, терроризм де жоқ» дегенді үнемі айтамыз. Осы бағытта мемлекет тарапынан сансыз көп ақпараттық ағарту жұмыстары ұйымдастырылуда. Оған дәстүрлі діндер өкілдері де лайықты дәрежеде үн қосып отыр. Сөйте тұра біз  «діни экстремизм» және «діни терроризм» деген тіркестерді ойланбай қолданудамыз. Мемлекет азаматтарын қайшылықты ұғымдар мен көзқарастардан арашалау, қоғамдық пікірді дұрыс қалыптастыру үшін кезең-кезеңімен күрделі ұғымдарды қайта қарап отыру қажет. Осы орайда бірінші кезекте  «діни экстремизм» және «діни терроризм» ұғымдарын қайта қарап, лайықты анықтамасын қалыптастыруымыз қажет. Шетін көзқарастарды дінге өз қолымызбен жақындатып,  дін атын жамылған құбылыстарды «діни» деп танығаннан ұтарымыз жоқ, ұтыларымыз көп болмақ.
Дінге ықылас уақыт өткен сайын күшейе түспек – өйткені ол адам болмысында бар қажеттілік әрі қасиет. Дін мәселесін дінді сезіне отырып қана шешуге болады. Дін – қоғамдық сана негіздерінің бірі, рухани мәдениет феномені, адам өміріне мағына мен руханилық дарытушы күш, адамзат болмысының айнымас қажеттілігі, ажырамас бөлшегі, табиғи тірегі ретінде толық мойындалғанда ғана оған қатысты стереотиптер мен әдістер өз-өзінен өзгереді, жанды, қоғаммен байланысы бар, рухтандырушы және руханиландырушы әдістемеге айналады. Осындай жағдай қалыптасқанда радикализацияға тірек болатын құбылыстар еріксіз күшін жояды. Жоғарыдағы «дін мәселесіне құндылықтық тұрғыдан назар аудару қажет» дегендегі айтпағымыз да осы еді.

− Енді елімізге ойыссақ. Сіздің «радикализацияға тірек болатын құбылыстар» деген анықтамаңыз біраз мәселенің түйінін тарқатуға мүмкіндік беретін тәрізді. Осы құбылыстарға Қазақ елінің мысалында кеңірек тоқталсаңыз...
Ішкі ахуалы қаншалықты тұрақты болса да, ешбір мемлекет «әлеуметтік-экономикалық мәселелерімізді толық шешіп болдық» деп айта алмаса керек. Қазақстанның да өзіне тән қиындықтары жеткілікті, ол мәлім жағдай және белгілі бір дәрежеде қалыпты құбылыс.
Кез келген мемлекет өз тарихының өн бойында даму үстінде болады, оның азаматтарының саны да, сұранысы да өсіп, өзгеріп отырады, мемлекет дүниежүзілік даму үдерістерінен шет қала алмайды, технологиялық өсу қарқыны мен қажеттілігі тағы бар, осының барлығы ерікті-еріксіз барлық мемлекеттерде шешілуі тиіс мәселелерді тұрақты түрде туындатып отырады.
Ал рухани саладағы қиындықтар – өз алдына бір төбе. Ол мемлекет азаматтарының тарихи тәжірибені игеру дәрежесі, соның негізінде қалыптасқан рухани деңгейі, сапалық құрамы, рухани сұраныстары мен ішкі-сыртқы байланыстары секілді көптеген факторлар есебінен қалыптасады. Бұл да өз кезегінде тоқтаусыз үдеріс.
Осы ерекшеліктердің барлығы табиғи түрде Қазақстан қоғамына да тән болып табылатын қазіргі жағдайда біз де радикалдану үдерісімен бетпе-бет келіп отырмыз. Оның әлеуметтік-экономикалық және саяси алғышарттарын түйсіне отырып, шешу және алдын алу жолдары көптеп талқылануда,  кеңінен қарастырылуда. Ал енді осы құбылыстың әлеуметтік қырының аясында қамтылатын тұлғалық ерекшелік мәселесінің де маңызы аз еместігіне жете назар аударып үлгермеген тәріздіміз.

− Демек, мәселенің бір ұшығы тұлғада ғой?
«Бір ұшығы» емес, «негізгі тіні» десек те ақиқаттан алыс кетпейміз. Әрбір азамат жеке тұлға ретінде табиғатынан дарыған мінез-құлыққа ие. Идеология  немесе тәрбие саласы қаншалықты пәрменді қызмет атқарса да, тұлғалық болмыс өз ерекшелігін жоғалтпайды, соның ішінде кемшіліктерінен де ада-күде арыла алмайды. Шетін көзқарастарды қабылдауға бейімділік адамның тұрмыс жағдайына, діни сауатына ғана емес, табиғатына да тәуелді.
Шетін көзқарас пен лаңкестік әрекетке еліккіштердің мінез-құлқының ортақ ерекшеліктері ретінде өзіне және әлеуметтік жағдайына көңілі толмаушылық, кез келген қиындыққа өзгелерді (соның ішінде мемлекеттік құрылымды да) кінәлауға бейімділік, әлеуметтік әділеттілікті тар ауқымда түсініп, ортаны өзгертуге құлшыну, тәуекелшіл әрекеттерге бейімділік, өзін көрсету, өзінің бір нәрсеге қабілеттілігін дәлелдеуге тырысушылық секілді сипаттар айқындалған.
Демек, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің бәрін шешіп, қоғамды гүл жайнатып қойсаңыз да, күйретуші идеялар мен шетін көзқарастарды тудырушылар да, қабылдаушылар да қашанда табылады.

− «Идеалды қоғам болмайды» деген тұжырымға тоқыраймыз ғой...
Адамзат қоғамы идеялар қақтығысы тоқтап қалған, қарсылықтар мен қиындықтар болмаған жұмақ дәуір мен жер бетіндегі жәннат мекенді әзірге білмейді. Күйретуші күштер барлық дәуірлерде болған, әрбір тарихи кезеңде ол өзіндік бір формасын тауып, жарыққа шығуға жан салады. Радикалдану үдерісі – ХХІ ғасырдың мәселесі, осы кезеңдегі күйретуші идеялардың көрініс табу тұрпаты. Әзірге ол радикалдану құбылысын қолдан жасаушылар мен жандандырушылар үшін барлық формалардың ішіндегі ең ыңғайлысы болып отыр.
Ал ол форма кең өлшемді, терең мазмұнды, түрлендіруге икемді дін қалыбын иемденіп, оның болмысын бұрмалап танытуға тырысқанда, қарапайым сананың ақ пен қараны ажырата алмай сансырап қалуы қалыпты жағдай. Өйткені ол сананың бұған лайықты дайындығы болған жоқ. Ол заңды да: Радикалдану үдерісінің әлемдік осынша жылдам қарқын алатынын болжап біліп, дайындық жасап үлгерген ел жоққа тән. Бұл орайда бүкіл адамзат қоғамы құбылыстың өзімен де, себебімен де емес, салдарымен күресуге мәжбүр болып қалды. Алғашқы ауыр соққылардан кейін ес жинап, етек жауып, болуы мүмкін лаңдардың алдын алуға адамзаттың төселе бастағанына тарихи өлшеммен алғанда көп уақыт бола қойған жоқ.

Әлемдік тарихтың тағылымды тәжірибесіне сүйеніп пайымдар болсақ, адамзат қоғамы бұл шырғалаңнан шығудың да жолын табады. Бірақ келер күннің күйреткіш күштері өзіне жаңа тұрпат табуға тырысатынын да түсінуге тиіспіз. Айтылғандардың аясында радикализмнің діни мәселе емес, саяси-әлеуметтік мәселе екенін тұжырымдау кімге де болса қиынға соқпайды деп ойлаймын.

− Осы құбылыстың өзіңіз атап көрсеткен саяси-әлеуметтік қырларын айқындай түссеңіз...
Дін қағидаларының бұрмаланып, саяси мақсаттарға пайдаланылуы – мәселенің бірінші қыры болса, әлеуметтік өмірдегі жеке тұлға бетпе-бет жүздесетін қиындықтарының осы мақсатты жүзеге асыруға жегілуі – мәселенің екінші жағы. Діннің саяси мақсаттарға пайдаланылуы геосаяси, стратегиялық  қырларынан да, дін қағидаттарын қарулы күрес (ДАИШ мысалында – «жиһад») идеясына бұрмалап жегу жөнінен де, идеалды мемлекет («Ислам мемлекеті») орнату жөніндегі жалған әрі жасанды түсініктерді орнықтыру тұрғысынан да аз айтылып жүрген жоқ. Мен радикализм ықпалына түсуге әлеуметтік жағдайлар мен тұлғалық ерекшеліктердің қай дәрежеде себеп болып отырғанына аз-кем тоқталып өтейін. Бір жағынан бұл жоғарыда айтылған кейбір ойларды тарата түсуге мүмкіндік береді.

Қазақстандық зерттеуші, психолог Л.Шакимова еліміздегі лаңкестік әрекетке немесе оны ұйымдастыруға қатысқан тұлғалардың өмір-дерегін зерттей отырып, олардың әлеуметтік-психологиялық мінездемесін жасақтап шыққан. Оның сипаттауына сәйкес радикалды идеологияны ұстанушылар ішінде толық емес отбасынан шыққандар – 18%, психологиялық соққы алғандар – 39%, бас-сүйек жарақатын алғандар – 36%; түзету мекемелерінде болғандар – 32%; маскүнемдікке салынғандар – 61%; есірткіге тәуелділер – 27%; құмар ойынына салынғандар 43%-ды құрайды екен. Мұның ішінде, әрине, осы аталған қиындықтардың бірнешеуін қатар басынан өткерген  немесе ішімдік, есірткі мен құмар ойындарына бірдей тәуелділікке түскен тұлғалар аз еместігі айқын.

Лаңкестік идеологияға бой ұрғандардың 52%-ының тұрақты жұмыс орны жоқ, 38%-ының тұрмыс деңгейі төмен, 52%-ы баспанасыздар болған. Білімі жөнінен алғанда радикалды идеология ұстанушыларының 36%-ы – орта, 18%-ы – жоғары білімді болған (Басқа санаттағылар (аяқталмаған орта, аяқталмаған жоғары білімді) да болуы мүмкін, олар жөнінде мәлімет келтірілмейді). Тұтастай алғанда 84% лаңкестердің мүлде діни білімі болмаған.
Жас ерекшелігіне келсек, бұл келеңсіз құбылыста әдеттегідей басым көпшілікті жастар құрайды. Барлық нәрседе, соның ішінде рухани ізденістерде де жоғары шекке (максимализмге) бейім тұратын, аңсар-мұраты қалыпты тіршіліктен жоғары, ерлік жасауға құштар, өзгерістерге құлшынысы мол, сонымен қатар ересек буынмен салыстырғанда бос уақыттың да қызығын көбірек көретін жастардың қашанда жаңашыл көрінетін жат идеологиялық және құндылықтық бағдарларға оңай елігетіні әмбеге аян жайт. Радикалды идеология құрығына шындап ілінгендердің 48%-ы 26-35 жас аралығындағылар болса, 19%-ы  25 жасқа толмағандар екен.

Осының барлығы радикалдану құбылысының әлеуметтік-тұлғалық алғышарттары қаншалықты пәрменді екендігін көрсетеді. Сондықтан дін қағидаларының дұрыс түсінілуі, шетін көзқарастарға жол берілмеуі үшін діни сауаттылықты жетілдіру қаншалықты маңызды болса, радикалдануға икемді сананы оң сапаға бейімдеу үшін қоғам мүшелерінің әлеуметтік-психологиялық мәселелерін шешуге қолдау көрсету де соншалықты маңызды.
Әрине, ДАИШ қатарында қазақстандық 400-ге жуық азаматтың бар екендігі, оның жартысына жуығын әйелдер мен балалардың құрайтыны ресми дереккөздерінде айтылып жүргенімен, олардың әлеуметтік-психологиялық портретін жасақтау мүмкіндігінің әзірге шектеулі екені айқын. Дегенмен жоғарыдағы талдаулар экстремистік және радикалды идеологияға тартылуға бейім тұлғалардың ортақ сипатын танытады деп сеніммен айтуға болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Парақтар өзгертілді: 20-01-2017