Аудан жаңалықтары

Сырғанақ – қыс қызығы

     Ақпан айының  қысқа бергісіз бір шуақты күні  Үржар ауылының  әлеуметтік қызметкерлері   мүмкіндігі шектеулі балалар   денелерін сергітіп-ширатып, таза ауада демалтып, денсаулықтарын нығайту  мақсатында  табиғат аясына серуен ұйымдастырып уақыттарын көңілді де тиімді өткізді. 

      Әлеуметтік қызметкерлер балаларға  таза ауада әр түрлі қимыл-қозғалыс жаттығуларын жасатып,  артынан қызықты ойындар  ұйымдастырды. Балалар  беттері қызарғанша ойнап, жақсы әсер алды.  Сонымен қатар балалар өз қиялдарына  сүйеніп ертегі кейіпкерлерінің мүсіндерін қардан жасады.  Осы еңбекке үйрету процессі барысында  балалардың бір-біріне  көмектесулері арқылы  олардың   өзара   қамқорлық, жанашырлықтар сезімдері   байқалды.

      Сол күні  балаларға ең ұнаған ерекше әсер берген, табиғат ерекшелігін  өзгеше сездірген  сәт бізге    демеуші  болған  Ақжар ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Копжасаров Азаматтың  ат-шанамен серуендеткені болды. «Бір бала қуанса, аспанда мың періште қуанады» дегендей  балалардың  жайнаған    көздерінен      Азамат  ағаларына   деген  үлкен  ризашылықтары мен    алғыстары  көрініп тұрды.   

    Өткізілген серуеннің  бала ағзасына берері  мол екені бір бөлек, балаға ұмытылмас эмоция мен естен кетпес сәттер сыйлауы  өте керемет.  Әлеуметтік қызметкерлер  үшін бірінші кезекте балалардың  көңіл-күйінің  көтеріңкі  болуы, жылулықты сезінуі.   Сондықтан бөлімше қызметкерлері  осындай  әсер бере алдық деген оймен  өздері де  қуаныш кернеген  көтеріңкі көңіл-күймен    оралды.