Аудан жаңалықтары

Әлем чемпионатынан жеңіспен оралды

Жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Әлем чемпионатында Алмат Кебісбаев Қазақстан қоржынына екінші медальді салды. Грек-рим күресінен 63 келі салмақта ел намысын қорғаған жерлесіміз Алмат Қабдрашұлы қола жүлде үшін белдесуі қызыққа толы болды. Алмат қырғызстандық балуан Тынаш Шаршеновты 9:0 есебімен ойсырата ұтты. Иә, Әлем чемпионатының бозкілімінде Алмат тамаша өнер көрсетіп, күллі Қазақ елінің мерейін үстем етті.

Алматты жеңісімен Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин құттықтады. «Құрметті жерлестер, ардақты ағайын бүгін ақ түйенің қарны жарылып, Алмат Қабдрашұлы секілді спортшымыз әлемдік додада топ жарып отыр. Бұл барлығымыз үшін үлкен қуаныш. Байрақты бәсекеде Алмат қарсыластарына дес бермей, халқымыздың рухын көтерді. Бүгінде Алмат Қабдрашұлын жастайынан күреске тәрбиелеген Жұмаш Иманғалиға Үржар ауданының «Құрметті азаматы» атағын беруді аудандық мәслихат қарауына енгіземін. Ауданның спорттық деңгейін көтеріп жүрген барлық жаттықтырушылар мен спорт саласының қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Алмат біз сені мақтан тұтамыз»,-деді Серік Зинабекұлы.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі Серік Зинабекұлы Зайнулдин аудан әкімдігі мен аудандық мәслихат атынан «Алғыс хат» пен 1000000 теңгенің сертификатын табыс етті. Сонымен бірге Алматтай арда ұлды тәрбиелеп жүрген қазіргі жаттықтырушысы Боранбек Қоңыратовтың иығына шапан жабылып, ат мінгізілді.