Аудан жаңалықтары

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Үржар ауданына келді

Таяуда облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметов жұмыс сапарымен Үржар ауданына келіп қайтты. Сапар барысында облыс басшысы аудандық орталық ауруханаға барып, жаңадан әкелінген медициналық аппараттармен танысып, қосымша қаржы бөлінетінін атап өтті. Бұдан кейін аймақ басшысы іргетасы көктем айынан бастап қаланып жатқан 30 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын таразылап, межеленген істі уақытылы аяқтауға тапсырма берді. Үржар өңіріндегі қарқынды дамып келе жатқан қожалықтардың бірі «Үржар-Агро» ЖШС-гі. Аталмыш серіктестікке ат басын бұрған Даниал Кенжетайұлы ауыл шаруашылық саласының драйверіне айналған күнбағыс, жүгері шаруашылығының жұмыстарын көріп, жаңа егін техникаларымен танысты.   

Жалпы, Үржар өңірінде аз қамтылған көп балалы аналарға көтерме жәрдемақы тағайындау, баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Осы ретте, облыс басшысы Науалы ауылындағы 6 баланың анасы Гүлжанар Сәрбиеваны жаңа қонысымен құттықтап, су жаңа тоңазытқышты сыйға тартты.

Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының сапары Мақаншы ауылындағы жаңадан бой көтерген 320 орындық Мақаншы мектебінде жалғасты. Аймақ басшысы білім ордасының материалдық-техникалық жағдайын саралап, робототехника сыныбын көрді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағасын берген Даниал Кенжетайұлы алдағы ауқытта киелі Үржар жерінде ауқымды жұмыстар атқарылатынын айтты.