Аудан жаңалықтары

«Білім орталығы» ашылды

Үржар ауданында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.К.Ахметовтың тапсырмасымен Үржар аудандық орталық кітапханасына қарасты, Қабанбай ауылдық кітапханасында оқырмандарды білім нәрімен сусындатарлық  «Білім орталығы» ашылды. Ауылдық кітапхана заманның талабына сай білім мен ғылымның керек-жарақтарымен жабдықталды.  «Нұр Отан» партиясының бастамашылық жобаларын жүзеге асыру, Мемлекет Басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалаласын іске асыру шеңберінде   ашылып отырған бұл орталық жастардың шығармашылық, оқу бағдарламасы аясындағы креативті жобаларын жарыққа шығарып, жүзеге асыруға мүмкіндік береді.  Салтанатты ашылудың қызыл таспасын қиюға ШҚО полиция депортаменті қызметінің жергілікті полицейі басқарма бастығының орынбасары А.В. Лоренов және ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Айжарық Абылқасымов шақырылды.  Орталықтың ашылу салтанаты барысында шашу шашылып, білім орталығын таныстыру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға Үржар ауданы әкімінің орынбасары Б.Қадырұлы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Андасова, ауыл әкімі Т.Бозикенов, кітапханашылар және ауыл тұрғындары қатысты.  Салтанатты сәтте алғашқы құттықтау сөз сөйлеген  Үржар ауданы әкімінің орынбасары Б.Қадырұлы  келешекте бұл орталық ауыл тұрғындарының рухани жетілуіне зор ықпал ететін, ілім-білім ордасы болып қалыптасады деген сенімін білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Кітапханада жұмыс істеу үшін барлық жағдайлар жасалған: ақысыз WI-FI, жедел интернет, скайп арқылы сұхбаттасу, принтерлер мен сканерлер. Кітапханашы Б.Амренова құшақ жая қарсы алып, керек кітаптарды, электронды материалдарды, Egov қызметтерін ұсынады. Жобаның басты мақсаты - барлық санаттағы жастардың ақпараттық қажеттіліктерін жедел қанағаттандыру. Барлық алаңдар қажетті құралдармен жабдықталған. Білім мен ғаламтор алаңында керекті ақпараттарды алып, әлем бойынша жаңалықтарды біліп, ой-өрісін кеңейтуге, теледидардан қызықты бағдарламалар мен мультфильмдер топтамасын көруге мүмкіндік мол. Оқырмандар жұмсақ жиһазға отырып, кітап, мерзімді басылымдар оқиды, демалады. «Білім орталығы» - кез-келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуына, арнайы тақырыптарда дөңгелек үстелдер, семинарлар мен тренингтер, кездесулер  ұйымдастыруға, шахмат, дойбы ойнап, қолөнер бұйымдарын жасауға зор мүмкіндік тудырып, орталыққа келушілердің бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге арналған мекен болмақ.

Аймақтық кітапханаларды жаңғырту аясында жастарға арналған білім орталығын ашуға ықпал етіп отырған Шығыс Қазақстан облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ахметов Даниал Кенжетайұлына, Үржар ауданының әкімі Зайнулдин Серік Зинабекұлына алғысымыз шексіз. 

Үржар аудандық орталық

кітапханасының директоры   Р.Базарбаева