Аудан жаңалықтары

«Парыз» қорынан 20 баспана берілді

11- шілде күні Үржар ауданында облыс әкімі Даниал Ахметовтың қолдауымен өңіріміздегі аз қамтылған, көп балалы отбасыларға облыстық «Парыз» қоры арқылы 38,1 млн теңгеге 20 баспана әперілді. Ауданымыздың Мақаншы, Ақжар, Қоңыршәулі, Егінсу, Барқытбел, Науалы, Қарабұлақ, Үржар ауылдық округтерінде көп балалы аналарға баспаналардың кілті тапсырылды. Мақаншы ауылындағы осындай шараға аудан әкімі Серік Зайнулдин қатысып, көп балалы аналарды құттықтады.

Шара барысында 8 отбасына баспаналарының кілтін ауылдың ақ жаулықты аналары мен көнекөз ақсақалдары табыс етті.  Айта кетейік, бұдан бұрын «Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында аудан көлемінде «Жан жылуы-жанұяға» атты акция өткізіліп, ауданның атқамінер азаматтарының ұйымшылдығы арқасында көпбалалы отбасыларға 27 баспана әперілген болатын. Қазіргі күні аудан көлемінде жалпы саны 47 отбасы қоныс тойын тойлады.