Аудан жаңалықтары

«Әр жүректе-туған жер!»

Жүректі тербейтін, көңілде сөнбейтін, ешқашан өлмейтін құдірет не? Әрине, ән. Ғұмырлы ән – халықтың жаны. Сайын даланы әсем әнімен тербеткен халқымыз қуанса да, жүрегінен жыр ағытып, жабықса да әнмен өзін - өзі жұбатқан. Сондай - ақ әннің құдіреттілігі сол, жұртты жұдырықтай жұмылдырып, рухын асқақтата түседі. Әр дәуірдің патриоттық әндері сол замандағы ұрпақтың Отан үшін оққа да, отқа да түсуіне себепкер болған идеологиялық қаруы. Бір кездері Кеңес заманында біздің ата - әжелеріміз «Партия қайда болса, Жеңіс сонда!», «Алға, комсомол!» деп екпіндете шырқады. Осы кезде патриоттық әндер үгіт - насихаттың ықпалын арттырып, жастардың жігерін жани түсті. Яғни, халықтың рухын көтеріп, азаматтық белсенділігін арттыруда патриоттық бағыттағы әндердің маңызы зор еді. Әскери - патриоттық әндер кеше де, бүгін де, ертең де ерекше бағалы бола бермек.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы №784 «Жастар жылын жариялау туралы» Жарғысын жүзеге асыру шеңберінде, сонымен қатар жас қызметкерлерді әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатында 2019 жылдың 31 мамырында Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан Облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және «Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авриялық құтқару жұмыстары қызметі»ММ қызметкерлерінің арасында «Әр жүректе-туған жер!» атты патриоттық әндері мен Отан және органдардағы қызмет жайлы өлеңдер оқудан конкурс өткізілді. Конкурсқа облысымыз бойынша әр ауданнан іріктелген 21 қызметкер қатысты. Үржар ауданы Мақаншы аулының №15 өрт сөндіру бөлімінің атынан өрт сөндіру автокөлігінің жүргізуші-қызметкері азаматтық қорғау кіші сержанты Ибрахим Елубайұлы Елубаев қатысып «Ән айту» номинациясы бойынша 3 орынды иеленді. Жеңіпаздар мен жүлдегерлер ҚР ІІМ ТЖК Шығыс Қазақстан Облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығының алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.


«ШҚО ТЖД ӨСжАҚЖҚ»ММ Мақаншы ауылы
№15 өрт сөндіру бөлімінің бастығы азаматтық қорғау майоры Сырым Заданов