Аудан жаңалықтары

Балаларды қорғау  күніне арналған шара

Бала- өмір қызығы деп босқа айтпаған. Бала-біздің көзқуанышымыз, жанымызға жылу сыйлайтын, ізімізді жалғастырушы ұрпағымыз. Дүниеге келген сәтінен бастап оған қорған болып, балдай қылықтары, тәп-тәтті тіліне сүйсініп, қызықтарына тәнті болып жатамыз.

Біздің елімізде бала құқығына ерекше мән беріліп, заңмен қорғалады. Сол үшін де жаздың алғашқы шуақты күні «1 маусым-балаларды қорғау күні» деп аталады. Осындай үлкен әрі қуанышты мерекені атап өту мақсатында ШҚО  Үржар ауданы мүмкіндігі шектеулі балаларға үйден көмек көрсету бөлімшесінің  қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі балаларды «Болашақ» саябағына апарды. Мереке қызметкерлердің салтанатты құттықтауларымен басталып, балалардың өлең-жолдары мен ән-биіне ұласты. Шара барысында балаларға ертегі кейіпкерлерімен  бірге қызықты ойындар ойнатылып, тәтті сыйлықтар беріліп, уақыт көңілді өткізілді.  Балалардың да көңілі көтеріліп, керемет табиғат аясында сергіп, саф таза ауамен демалып қалды.   Осы шараға демеушілік көрсеткен жеке кәсіпкер Литвинов Алексей Васильевичке, «Дианұр» дүкенінің иесіне, балалардың көңілін көтерген өнерпаз Заринаға алғысымыз шексіз!

Біздің негізгі мақсатымыз балаларға қуаныш сыйлау, мерекені тойлатумен шектелмей, күнделікті күндерін де шаттық пен берекеге толтыру, өмірлерін гүлдендіру, оны есте қаларлықтай қылып өткізу болып табылады.