Аудан жаңалықтары

«Ақ бата – асыл мұра» іріктеу байқауы өткізілді

2018 жылдың 9 ақпан күні аудандық мәдениет үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан бойынша «Ақ бата – асыл мұра» байқауының іріктеу кезеңі ұйымдастырылды.

«Бата беру» - ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ұлттық құндылығымыз, рухани тәрбиенің алтын мұрасы. Келер ұрпаққа ұлағатты ой иірімдері арқылы қазақ елінің салт – дәстүрін жеткізе білу, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған байқауға Үржар ауданы бойынша 22 ауылдық округтен еңбек ардагерлері мен ауыл ақсақалдары сайысқа түсті.

Сайысқа қатысушы ақсақалдар: «Наурыз», «Ораза айт батасы», «Дастарханға бата», «Жас сәбиге ат қою», «Тұсаукесер», «Жолаушыға», «Құдалық», «Қонақ кәде», «Жас талапкерге»,  «Келінге»,  «Жас жұбайларға», «Алғыс», «Игі бастамаларға», «Ықылас», «Алтын той», «Ел билеген ел ағаларына берілетін» бата бойынша бәсекеге түсті.   

Рухани жаңғыру аясында ұйымдастырылған байқау  жеңімпазын анықтау үшін:  аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Үржар ауданының «Құрметті азаматы» - Н.Б.Сандыбаев,  Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Үржар ауданының «Құрметті азаматы», жоғарғы санатты ардагер ұстаз, ардагерлер кеңесінің президиум мүшесі- А.З.Оспанов,  облыстық «Дидар» газетінің тілшісі – Б.Ұлықбек, «Асыл мұра» ансамблінің жетекшісі, ардагер ұстаз – Б.Қ.Қаспақбаева, аудандық мәдениет үйінің директоры – М.Х.Кебіспаевалардан тұратын әділқазылар алқасы құрылды.

Сайыстың қорытындысы бойынша Қарақол ауылының тұрғыны, зейнеткер Бекбаев Зияда ақсақал іріктеу кезеңінің бас жүлдесіне ие болып, облыстық байқауға жолдама алды.

Белсене қатысқан ақсақалдар мен жүлделі орын иегерлеріне аудан әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтары табыс етілді.

Байқау көрермендеріне мәдениет үйінің қызметкерлері ұйымдастырған концерттік бағдарлама ұсынылды.