Аудан жаңалықтары

Үржар ауданының жыл қорытындылары

Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар жөніндегі Департаментінің басшысы азаматтық қорғаныс полковнигі Мадьяров Нұрлан Әбілбайұлы Үржар ауданына қызметтік іс-сапары барысында жиналыс өткізді.

Шығыстың бас құтқарушысы жиналысты Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы Жолдауын түсіндірумен ашты. Нұрлан Әбілбайұлы жиын қатысушыларына Елбасының жаңа Жолдауының негізгі ойын жеткізді: «Бүгінгі таңда технологиялық және инфрақұрылымдық дамудың жаңа кезеңіне қуатты тылсым күш берілді. Конституциялық реформа биліктің тармақтарын теңдестіріп, ұлттық сананы жаңғырту үдерісі бой алды. Бұл үш бағыт қазақстандық жаңғырудың жүйелік үш тағаны болып табылады».

Мемлекет басшысы өз жолдауында 10 негізгі міндетті белгіледі:

1)    Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс.

2)    Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту.

3)    "Ақылды технологиялар" – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі.

4)    Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру.

5)    Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу.

6)    Қаржы секторын "қайта жаңғырту".

7)    Адами капитал – жаңғыру негізі.

8)    Тиімді мемлекеттік басқару.

9)    Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі.

10)"Ақылды қалалар" "ақылды ұлт" үшін. 

Елбасы Жолдауын түсіндіргеннен кейін Нұрлан Әбілбайұлы Үржар ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің мамандары және №60 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамымен өткен жылға қорытынды жасап, алдағы жоспарларды талқылады.

2017 жылы Үржар ауданы аумағында 16 төтенше жағдай орын алды, 2016 жылмен салыстырғанда 77%-ға өсті. Сондай-ақ аудан аумағында 47 өрт болды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 11%-ға кем. Төтенше жағдайларда 7 адам қайтыс болды (суда).

Нәтижелерді шығарып талқылағаннан кейін Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар жөніндегі Департаментінің басшысы ауданда төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған бір қатар міндеттерді жүктеді.    

Үржар ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі