Аудан жаңалықтары

Бүркітшілер сайысының ХІІ-ші чемпионаты өтті

Ағымдағы жылдың ақпан айының 2-4 күндері аралығында Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында, Бестерек ауылында Қазақстан Республикасының ересек құсбегілер арасындағы ХІІ чемпионаты өтті. Қыран құстардың бағы мен бабы сынға түскен жарысқа еліміздің 10 облысынан 39 бүркітші қатысты. Жартылай финалға 13 бүркітші шығып, финалда төртеуі өзара бақ сынасты. Чемпионаттың ережелеріне сәйкес құсбегілерге бірнеше талаптар қойылды. Алдымен сайысқа қатысушылардың киген киімі, құрал-жабдықтары мен құстарының бабы сыналып, төрешілер тарапынан сәйкес ұпайларын алды.

Сайыс қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстаннан келген Нұрғали Алиқұловтың бүркіті бірінші орынға ие болып, 250 мың теңгенің сертификаты берілді. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының құсбегісі Нұғым Қайдар екінші орын иегері атанып, 150 мың теңге олжалады. Алматы облысынан Елтай Муфтекеев қола жүлдені қанжығасына байлап, 100 мың теңгені ұтып алды.

Жарыстың соңында сөз алған Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин бүр­кіт­шілер сайысының елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналғанын атап өтті.

Үржар ауданында құсбегілердің чемпионаты өте жоғарғы деңгейде өтті. Үржар ауданы басшылығына, демеушілік көрсеткен азаматтарға және 3 орынғның жүлдеқорына қаржылай көмек көрсеткен кәсіпкер Сүлейменов Қанат мырзаға алғысымыз шексіз.

 

Дене шынықтыр және спорт бөлімінің басшысы С. Қабдолданов