Аудан жаңалықтары

Жастар мәслихаты сайлауының қорытындысы

2017 жылдың 11 қазан күні  Үржар ауданының үлкен мәжіліс залында жаңа сайланған аудандық жастар мәслихаты депутаттарымен кездесу өтті. Шараға бөлім, мекеме басшылары, ауыл әкімдері қатысты. Үржар ауданының әкімі Серік Зинабекұлы жастар еліміздің болашағы екендігін тілге тиек етіп, Елбасымыз Н.Ә Назарбаев сындарлы саясатының арқасында жүзеге асып жатқан «Жасыл ел» сынды басқа да қанаты кең мемлекеттік бағдарламаларға жастардың өз үлестерін қосатындығына сенім білдірді. Сондай-ақ, аудан әкімі жастардың ауылда тұрақтауы, жұмыспен қамтамасыз етілуі, туған жері мен еліне еңбек етуі сынды маңызды бағыттарды айқындап, жастар мәслихаты депутаттығына сүрінбей жеткен, оза шапқан дараларға барлық жағынан жағдайлар жасалатындығын атап өтті.

Серік Зинабекұлы сайлау жұмыстарының басы-қасында жүріп, үлкен еңбек пен белсенділік танытқан аудандық жастар ресурстық орталығының директорының  міндетін атқарып жүрген  Әділет Тұрлыбеков, аталмыш орталықтың маманы Жанар Кыржибаева мен есепші Шынар Картанбаеваларға Әсем Бекқызының «Алғыс хаттарын» табыс етті. Сонымен бірге, аудан басшысы жастар мәслихаты депуттатығына сайланған 32 жалынды жастардың кеудесіне салтанатты түрде төсбелгілерін тақты.

Жиналыс соңын Серік Зинабекұлы Зайнулдин  қорытындылап, басым жастарға басты мақсаттар мен міндеттердің маңыздылығын айта келе, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі.  

Аудандық жастар ресурстық орталығы