Аудан жаңалықтары

Үржар ауданында өткізілген  «Ақ гүл» қайырымдылық акциясы туралы ақпарат

 Үржар ауданы әкімінің 2017 жылдың 08  қыркүйегіндегі №255 қаулысымен ауданда қайырымдылық айлығы жарияланған.  Осы шара аясында  әлеуметтік қызметкерлер  оқушылар арасында аудандағы барлық мектептерде қайырымдылық сабақтарын және мәдениет үйлерінде жалпы халық арасында мейірімділік, жанашырлық, қолдауды қажет ететін жандарға көмек беру қажеттелігі туралы  насихат жұмыстарын  жүргізді.  Қайырымдылық айлығы туралы  ақпараттарды халық арасына кеңінен тарату жұмыстары бойынша пиар-акциялар ұйымдастырылды. Мектептерде  әр түрлі техникада ақ гүлдер жасаудан мастер-кластар өткізіліп, олар  апта сайын арнайы ақ шарфтар мен эмблема  таққан  зейнеткерлер мен оқушылар  санатынан еріктілер  көмегімен   аудан тұрғындарына сатылды.  Жұртшылық  ақ гүлдерді сатып алу арқылы акцияға қолдау көрсетті. 

2017 жылдың 10 қазанында мәдениет үйінде  жедел отаны қажет ететін 4 балаға арналған  «Ақ гүл» атты қайырымдылық концерті өтті. Мәнді де, мағыналы, әсем сазды  концерттік бағдарламада мектеп оқушыларымен бірге мүмкіндігі шектеулі балалар да  қатысып өз өнерлерін ортаға салды.   Мәдениет үйінің фойесінде  мүгедек балалар мен әлеуметтік қызметкерлер қолымен жасалған қолөнер заттары көрмесін  сату жәрмеңкесі жүргізілумен қатар, сол жерде  де мастер-кластар өткізіліп жасалған гүлдер  сатылды.    

Үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің қызметкерлері күшімен сцена мерекелік безендіріліп, қаржы  салуға қажетті жәшік қойылды.  Қайырымдылық жәшігіне  өз көмегін салған барлық адамдарға ақ гүл ұсынылды.  Шара соңында зал ақ  гүл  ұстаған мейірімді  адамдарға толы болды.

Қайырымдылық акциясы шеңберінде  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастамасымен  мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында 4 номинация бойынша үшінші аудандық «Жеңу-Преодоление» байқауы өтті. Ұйымдастыру комитеті құрылып, жоспар бекітілді.  Аудандық «Уақыт тынысы» газетіне байқау ережесі жарияланып, ауылдық округ әкімдеріне   байқаудың өткізілу  шарттары көрсетілген хаттар жіберіліп, сол аумақтағы осы категориядағы адамдардың қатысуына ықпал етіп, жағдай жасау тапсырылды.

Байқаудың «Тең  мүмкіндіктер» номинациясы бойынша өзінің ауыр диагнозына қарамастан отбасын  құрып, дүниеге сәби әкеліп, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде заңгер ретінде жұмыс жасап жүрген Ибрагимова Асем Багдатовна танылды.

«Шабыт шаттығы» номинациясы бойынша жеңіс үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің қызмет алушысы 2 бала тәрбиелеп отырған мүгедек ана Терликбаева Алияға берілді.

Мекемелер арасында мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергсіз орта құруда белсенді жұмыс жүргізгені үшін «Біз біргеміз» номинациясының  жеңімпазы  болып Жансүгіров атындағы мектеп танылды.

«Бірге қадам басамыз» номинациясы бойынша  әділ қазылар алқасы шешімімен  Шолпан ауылдық округінің әлеуметтік қызметкері Темирбаева Куралай Рамазановтар отбасымен  өмірлік қиын жағдайды  жеңу жолында оларды  оңалту , өмір сапасын арттырудағы бірлескен нәтижелі жұмыстары үшін  жеңімпаз деп танылды. 

Жеңімпаздарға  диплом мен 50 мың теңгеге сертификат беріліп, барлық номинация қатысушылары марапаталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Концерт соңынан  балалар мен ата-аналарына «Еркетай»  ойын орталығында демеушілер көмегімен мерекелік дастархан мен тегін дамыту ойындары ойнатылды. 

Қыркүйек айы бойы  акцияға орай әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени қызметтері бойынша дайындық жұмыстары жүргізілді (репетиция, ән жазу, қолөнер заттарын дайындау, демеушілермен жұмыс).

Акция  қорытындысында 1 млн 100 мың теңге жиналып, ота жасатуға баратын 4 балаға тең бөлініп салтанатты түрде табыс етілді.  Демеушілер көмегіммен  акция номинациясына  және концерттік бағдарламаға қатысқан балаларға 95 мың теңгеге сыйлық берілді.

Әлеуметтік қызметкерлер мен қызмет алушылар бірліктері мен ұйымшылдықтарын көрсетіп, болашаққа сеніммен, өмірге жігерлікпен   қарау керектігін тағы да дәлелдеді.      

Үржар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар
бөлімінің басшысы С. Семенова