Аудан жаңалықтары

Алаш деп ұран салған ақын

9 қазан күні Үржар аудандық орталық кітапханасында кітапхана қызметкерлері мен Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектептің ұстаз, оқушыларымен бірлесе ұйымдастырылған «Бір ел-бір кітап» акциясы  аясында қазақ әдебиетінің алып ұлдарының бірі «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам»,-деп жырлаған ақынымыз Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығына арналған «Алаш деп ұран салған ақын» атты поэзиялық кеші өтті.  

Әлеуметтік-мәдени акцияның мақсаты – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығын насихаттау, өскелен ұрпақты, қоғамды кітап оқуға, кітапханаға шақыру, оқырмандардың қоғамға деген өзіндік көзқарасының қалыптасуына ықпал ете отырып, өлең арқылы адамгершілікке, азаматтыққа, ішкі рухани тазалыққа тәрбиелеу.

Іс – шараға Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектебінің оқушылары мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, аудан орталық кітапхана қызметкерлері қатысты. Әдеби кештің басында кітапханашы Ж. Ахметжанова ақынның өмірі мен шығармашылығынан бейнеслайд көрсетіп, өмірбаянымен таныстырды. Сонымен қатар, тақырыпқа сай  «Алаш ұраны» атты шығармасынан бейнеролик көрсетілді. І. Жансүгіров атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Д. Нұрсалимова С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романынан үзінді оқыса, М. Қаділбекова, Ә. Төлебалғанов, А. Ерзат, А. Нұрмұхаметов, А. Қосмет, Д. Саян, Д. Қапсаметова сынды оқушыларымыз ақынның өлеңдерінен жыр шашты. Сондай-ақ, 6-сынып оқушысы А. Бөстекбаева Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 5 бөлімнен тұратын «Адасқан өмір» поэмасының «Мен бала» тарауынан үзінді орындады. Қызыққа толы әдеби кеште «Сөзжұмбақ» ойыны ойнатылып, ақынның өмірі мен шығармашылығынан қойылған сұрақтарға дұрыс жауап берген оқушыларға сыйлықтар ұсынылды. «Бір ел – бір кітап» акциясының 10 жылдығына арналған «Жыр сұлтаны- Сұлтанмахмұт» атты кітап көрмесімен кітапхана қызметкері М.Самалқанқызы оқырмандарға кеңінен таныстырды. Айтулы шарада сұрақтар талқыланып, оқырмандар өздерінің ой – пікірлерін ортаға салды. Үржар аудандық орталық кітапхана директоры Сандуғаш Бидахметқызы іс-шараны қортындылап, Сұлтанмахмұт Торайғырұлының болашаққа ұмтылған әдеби мұрасы өсіп келе жатқан ұрпақты патриотизм мен Отанға деген махаббатқа тәрбиелеудің адамзаттық мәніне ие екендігін айтып, белсене қатысқан оқырман оқушыларды алғыс хаттармен марапаттады.