Мәдениет

Үржар ауданының өнер тарландары

Секен Тұрысбеков – күйші, композитор. 1961 жылы 12 наурызда қазіргі ШҚО Үржар ауданының  Жоғарғы  Егінсу ауылында дүниеге келген. Семейдің музыка училищесінде дәріс алған. Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) М.Әубәкіровтің жетекшілігімен бітірді. «Сазген» ансамблі құрамында еңбек етті. Еуразия университеті жанындағы «Қоңыр қаз» ансамблінің және «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі.
«Көңіл толқыны», «Ақ жауын», «Балауса», «Дарабоз», тағы басқа күйлердің және «Аққу сазы», «Ерке құсым», «Көктемім менің», «Қоңыр қаз», «Шағала» әндерінің авторы.
Қазақстан комсомолы сыйлығының, 1985 жылғы республикалық «Жігер» фестивалінің, Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің ХІІ дүниежүзілік фестивалінің лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі.

Махмұт  Тойкенов - әнші. 1963 жылы 1 маусымда бұрынғы Семей облысы, Мақаншы ауданының Бақты ауылында дүниеге келген. 1991 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын концерт әншісі, 2007 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын музыка театрының режиссері мамандығы бойынша тәмамдаған. 2000-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығы директорының орынбасары, 2003-2009 жылдары К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры директорының орынбасары болды. 2009-2011 жылдары ШҚО мәдениет басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Өнер мен мәдениет саласындағы ұстаздық тәжірибесі мол. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

Дәукенова Гүлнар Жұмайқызы – күйші, композитор, әнші. ШҚО Үржар ауданы, Мақаншы ауылында 1961 жылы 16 қыркүйекте дүниеге келген. Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыка училищесінде, Қазақтың Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваториясында білім алған. Қазақтың Мемлекеттік Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде 25 жыл жемісті қызмет атқарды. Халыққа кең тараған «Жасай бер, Қазақстаным» атты күйінің, жұртшылық жүрегінен берік орын алған «Сағындым сағым жылдар», «Қайран уақыт», «Аппақ қарлар», «Қош енді қош бол, күрең күз»т.б. көптеген әндердің авторы. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері, ШҚО Үржар ауданының Құрметті азаматы.

Үдербаева Бақыт Жәкуләқызы – дәстүрлі әнші. 1950 жылы бұрынғы Семей облысы, Үржар ауданы, Қызыл ту ауылында дүниеге келген. 1967 жылы М.Төлебаев атындағы музыка училищесіне оқуға түсіп, білім алған. Шығармашылық жолын 1970 жылы Семей облыстық Әміре Қашаубаев атындағы филормониясында әнші болып бастаған. 1975 жылы Мәскеу қаласында өткен бүкілодақтық әншілер конкурсының лауреаты. 1980 жылы тұңғыш рет өткен Ә. Найманбайұлы атындағы Республикалық конкурстың бас жүлдесінің иегері. ҚР еңбек сіңірген әртісі. Өнердегі жоғары жетістіктері үшін 2008 жылы Елбасы Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған.

Құсмілия Жырғалыұлы Нұрқасым – ақын, әнші, композитор. 1949 жылы 25 мамырда бұрынғы Семей облысы Үржар ауданының Елтай ауылында дүниеге келген. Семей педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде оқып, жоғары білім алған. Айтыс өнерінде өзіндік ізін салған ақын. Аудандық, облыстық, Республикалық деңгейлерде өткізілген айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, жүлдегері. Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған Семей қаласында өткізілген гала-концерт оның «Абай тойына тойбастарымен», ҚР тәуелсіздігінің 10 жылдығындағы Астана қаласындағы мерекелік концерт «Тәуелсіздік толғауымен» ашылды. «Астана – байтақ», «Тарбағатай», «Семей – Алаш», Абайдың сөзіне жазған «Өлсем орным қара жер...», «Мен сені сағынғанда», «Барқытбел тауым – байтағым», «Төлегетай», «Соқырдың зары» әндерінің авторы. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған.

Ахметхан Самажанұлы Алпысбаев – дирижер, композитор. 1950 жылы 15 маусымда Шұбартау ауданында дүниеге келген. Семейдің М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің баян класында оқыған. Шымкент қаласындағы Әл- Фараби атындағы педагогикалық – мәдениет институтының халық аспаптары бөлімі факультетінде оқып жоғары білім алған. 1980-94 жылдары Шұбартау аудандық мәдениет үйінде директор бола жүріп, «Шұбартау сазы» қазақ ұлт-аспаптар оркестрін құрып, жетекшілік етті. Оркестр 1991 жылы Павлодар    қаласында өткен халық аспаптары оркестрлерінің Республикалық конкурсына қатысып, аймақ бойынша 1-ші, Республика бойынша 2-ші, орынды иеленді. 1994 жылдан Үржар ауданы Абай атындағы орта мектеп-лицейінің музыка пәні мұғалім. Аудандық « Көңіл толқыны» оркестрінің жетекшісі. Екінші және үшінші «Халық шығармашылығы Бүкілодақтық фестивалінің» лауреаты, КСРО мәдениет министрлігінің « Үздік еңбегі үшін» белгісімен марапатталған. Балалар мен жастарға арналған 50-ге жуық әндердің авторы. 2007 жылғы «Балдаурен» балаларға арналған әндердің Республикалық байқауының Ә.Бейсеуов атындағы жүлде иегері.

Мұсылманбек Әліпұлы Искаков – әнші, сазгер. 1959 жылы 15 маусымда Ақсуат ауданы Ерназар ауылында дүниеге келген. Семейдің мәдени-ағарту училищесінің түлегі. Мұсылманбек Әліпұлы өзінің Үржар өңіріндегі қызметін 1985 жылы Науалы ауылында клуб меңгерушісі болып бастап, күні бүгінге дейін абыройлы еңбек етіп келеді. Ауылдық клубта «Тарбағатай толқындары» атты ұлттық фольклорлық ансамблін, ауданға белгілі болған «Ақ гүлім» вокалды- аспаптар эстрадалық ансамблін ұйымдастырып талай жыл елдің құрметіне ие болды. 1987 жылы ауданда алғашқылардың бірі болып жанұялық ансамбль ұйымдастырып, облыстық байқауда 2- орынды жеңіп алды. 2000-2007 жылдары аралығындағы Ә.Найманбайұлы әндерін орындаушылардың «Ән салсаң Әсеттей сал...» атты облыстық байқауының бірнеше дүркін жүлдегері.  «Шығыс-2011» облыстық вокалды-аспаптар ансамбльдері байқауының 2-орын иегері. ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған.

Жанат Заманбекқызы Андасова – әнші, конферансье. 1969 жылдың 17 қыркүйегінде ШҚО Үржар ауданы 1 Май ауылында дүниеге келген. 1984-1988 ж.ж. Семей қаласындағы М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің «Сольфеджио, музыка әдебиеті және жалпы фортепиано» пәндерінің оқытушысы мамандығы бойынша бітірген. 2002-2007 ж.ж. Семей мемлекеттік педагогикалық институтында «Музыкалық білім» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Еңбек жолын Е.Рахмадиев атындағы балалар музыка мектебінің 1 Май ауылындағы филиалында бастаған. 1989-2012 ж.ж. Семей қаласында, Үржар ауданында балабақшаларда, орта мектептерде, музыка мектебінде ұстаздық қызмет атқарды. 2005-2008 ж.ж. Үржар аудандық мәдениет үйінің әртісі, көркемдік жетекшісі болды. Өнердегі жоғары жетістіктері үшін 2007 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған. 2012-2013 ж.ж. Астана қаласы Білім басқармасының «М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы» МКҚК- ның режиссеры және көркемдік жетекшісі қызметін атқарған. 2013 жылдың қазан айынан бастап «Үржар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметін атқаруда.

Гүлмира Темірбекқызы  Темірбекова – дәстүрлі әнші. 1978 жылы 2 маусымда бұрынғы Семей облысы,Үржар ауданы, Предгорное аулында дүниеге келді. Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында, халқымыздың әйгілі әншісі Бекболат Тілеухановтың сыныбында оқып, «домбырамен ән салу» мамандығы бойынша жоғары білім алған. 2001 жылы Таразда өткен К.Әзірбаев атындағы «Шырқа дауысым» атты 1-ші республикалық байқаудың дипломанты. 2002 жылы Семейде өткен М.Ешекеев атындағы облыстық байқауда 1- орын иегері. 2004 жылы Ә.Найманбаұлы атындағы Республикалық байқаудың «Гран-при» жүлдесін жеңіп алған. 2009 жылы Астана қаласында өткен Ә.Қашаубаев атындағы VII Республикалық байқаудың лауреаты. 2009 жылы Орал қаласында өткен Ғ.Құрманғалиев атындағы ІІІ Республикалық байқаудың  І орын иегері. 2009 жылы Қарағандыда өткен Ж.Елебеков атындағы Республикалық байқаудың дипломанты. 2010 жылы Талдықорған қаласында өткен М.Мақатаев атындағы «Дариға жүрек» атты Республикалық байқаудың арнайы жүлде иегері. 2013 жылы І Республикалық «Ән-арман» байқауының «Дәстүрлі ән» аталымы бойынша «Бас жүлде» иегері. Өнердегі жоғары жетістіктері үшін 2014 жылдың желтоқсан айында ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» белгісімен марапатталған.

 

Парақтар өзгертілді: 19-05-2015