Мәдениет

Мұражайлар

Үржар тарихи-өлкетану мұражайы

Үржар аудандық тарихи-өлкетану музейі Шығыс Қазақстан облысы әкімшілігінің 2007 жыл  7 қараша айында қабылданған № 318 шешімі негізінде құрылды.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі, Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Облыстық Семей тарихи-өлкетану мұражайы» ҚМҚК-нің директорының 2013 жыл 29 қазандағы №132 бұйрығы негізінде облыстық Семей тарихи-өлкетану мұражайының Үржар ауылындағы филиалы болып құрылды.

Музей – дәстүрлі үлгідегі жеке ғимаратқа орналасқан. Музей ғимаратының негізгі аумағы – 599,4 кв.м, жалпы территория аумағы 4582 кв.м. Музей ғимаратында  тұрақты көрмелік құрылым (экспозиция), қор сақтау, қызмет бөлмелері бар. Осы жылдары музей ұжымы аудан тұрғындарының рухани-танымдық білімдерін жетілдіруге, жергілікті  тарихи құндылықтарды танып білуге, әр дәуірден сыр шертетін жәдігерлер жинақтауға, мәдениет және өнер саласындағы түрлі іс-шаралар өткізуге, аудан көлемінде және алысты-жақындағы көрермендер санын көбейту мақсатында барынша еңбектеніп жатыр. Музей қорындағы жәдігерлер саны – 2300 дана.

Музейдің тұрақты көрмелік құрылымы - (экспозиция) бес  бөлімнен тұрады.

Этнография бөлімі –  жергілікті қазақ және орыс ұлттарының ежелгі тұрмысы, орыс халқының ағаштан әзірленген үйінің шағын макеті және қазақ үйдің бір бөлігі бар . Бұл бөлімде XIX- XX ғасырларда пайдаланылған тұрмыстық заттар, қару түрлері, ыдыс-аяқ, шаруашылық құралдары жинақталған.

Археология бөлімі - археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған көне тас жәдігерлер б.д.д. I мың жылдықта осы өлкеде ғұмыр кешкен көшпенді бабаларымыздың тұрмысынан сыр шертеді. Көне дәуірлерден көш тартып, ғасырлар бойы бүлінбей жеткен құнды қазыналарымыз-бүгінгі ұрпақтың игіліне жарауда. Осындай асыл мұраларымыздың түпнұсқа бөлшектері, фотосуреттер кеңінен пайдаланыып, өлкені зерттеушілердің еңбектері негізінде ғылыми түсініктемелер берілген. Аудан табиғаты мен өңірді мекендейтін аң-құстар туралы деректер топтастырылған.

Аудан тарихы бөлімі – ауданның құрылу кезеңі және  бүгінгі уақытқа дейінгі аралықтағы тарихы туралы мәлімет берді. Аудан өміріндегі әр жылдардағы елеулі оқиғаларға арналған фотосуреттер жинақталған. Халқымыздың тұрмысында қолданылған шаруашылық құралдары, бұйымдар, көне қару-жарақтар мен жергілікті қаламгерлердің төл туындылары – баға жетпес асыл қазынамыз. Музей ұжымы тарапынан географиялық, археологиялық, этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылып тұрады. Осы жұмыстардың нәтижесінде ұлттық асыл мұраларымыздың үлгілері жинақталуда.

Ұлы Отан соғысы жылдарына арналған бөлімі – ауданымыздан майданға аттанып, өшпес ерліктің үлгісін көрсеткен жерлестеріміздің өмірі мен өнегелі ерлігі туралы деректермен толығуда. Қаралы күндер мен отты жылдарда қолданылған әскери киімдер, құжаттар, қару-жарақ түрлері жинақталған.

Ауданымыздың бүгіні мен болашағына арналған бөлімі – жергілікті суретшілердің әр түрлі тақырыптағы туындыларынан тұрады. Осы өңірден қанат қағып, көпшілікке танымал болған қоғам қайраткерлері мен ауданның құрметті азаматтарының фотосуреттері мен өмірі туралы деректерге негізделген. Еліміздегі атаулы мерекелерге арналған өнер байқаулары, танымдық дәрістер мен тәрбие сағаттары осы бөлімде өтеді.

 

Үржар тарихи-өлкетану мұражайы Үржар тарихи-өлкетану мұражайы
   
Үржар тарихи-өлкетану мұражайы Үржар тарихи-өлкетану мұражайы
   
Үржар тарихи-өлкетану мұражайы Үржар тарихи-өлкетану мұражайы
   

 

Парақтар өзгертілді: 19-05-2015