Жаңалықтар
Құрметті медицина қызметкерлері!
20/06/2010
Уақытпен санаспай барлық жерде халыққа адал еңбек ететін, ақ халатты абзал жандар - медицина қызметкерлері екені белгілі. Ел басына күн туған қиын-қыстау заманда да ауруларды сырқатынан айықтырып, әманда халықтың қамқоршысы болып қол ұшын беріп жүретін Сіздер сияқты медицина қызметкерлерінің халыққа дарытқан еңбектері ешқашан ұмытылмақ емес.
Сол үшін де байтақ еліміздің барлық елді-мекенінде, халыққа адал еңбек ететін, ақ халатты абзал жандардың медицина Күні мерекесі қай уақытта болсын үлкен дайындықпен, мерекелік көңіл-күймен аталып өтіледі. Осыған орай, ауданымыздағы барлық дәрігерлер қауымын, медицина ұжымдарын осы мерекемен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер.
Шығыс ойшылы Конфуций «Адамзатқа шапағат жасау - мейірімділік пен батырлықтың шыңы» деген екен. Ендеше дәл осы философиялық тұжырым Сіздер сияқты өз істеріне адалдық, ержүректік, қажырлылық танытқан абзал жандарға қаратылып айтылса керек. Кешегі Ұлы Отан соғысының отты жылдарында, ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдерде алдыңғы шепте жүргендер де медицина қызметкерлері екенін ұмытпауымыз керек. Өйткені, ол көпке үлгі боларлық тағылымды тарих беттері емес пе.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2030» бағдарламасын, жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қазақ халқының өсіп-өркендеуіне, мемлекеттің қауіпсіздігіне және хал-аухатының артуына арнайды. Осы бағыттағы сіздердің салауатты өмір салтын қалыптастыру, халқымыздың дені сау ұлт болып өсіп-жетілуі жолындағы қажырлы еңбектеріңізді бағалап, зор алғысымды білдіремін.Осы орайда медицина саласын басқарып, жақсы істің ұйытқысы болған ұстаздарыңыз – медицина ардагері, бүгінде аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Сандыбаев Нұрланбек Бөлекбайұлы, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Бақтыбек Нығметоллаұлы Нығматуллин, №1 медициналық бірлестігінің басшысы - Мадрахимов Бейсен Абылайұлы сынды азаматтарымыздың жемісті еңбектерін үлкен қуанышпен, құрметпен атап өткім келеді. Сондай-ақ, еңбегімен ел құрметіне ие болып жүрген халық қалаулысы Нағима Сапарханқызы Жақиянова, Таскескен ауылдық емханасының бас дәрігері Ережепов Жақсылық Кенжетайұлы, Қабанбай ауылдық емханасының бас дәрігері Баубек Шайзадаұлы Абылқасымов сынды білікті мамандар басқарып отырған ұжым дәрігерлеріне ризашылық білдіремін.
Аяулы медицина қызметкерлері! Сіздерді тағы да төл мерекелеріңізбен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс пен парасаттылық тілеймін!
Үржар ауданының әкімі Бауыржан Жанақов









