Жаңалықтар

ЕЛОРДАМЫЗ АСТАНА КҮНІН АТАП ӨТТІК

08/07/2010

ЕЛОРДАМЫЗ АСТАНА КҮНІН АТАП ӨТТІК

Биыл Елордамыз – Астана қаласы өзінің он екі жылдығын атап өтуде! Мереке күні аудан орталығында мәдени-танымдық, спорттық шаралар өткізілді. «Жаса, жайна арман қала - Астана!», «Қазақстан атажұртым аңсаған» атты мерекелік концерттер қойылды. Аудан жұрты дән риза болды.

Аудан орталығында қазақтың ұлттық кигіз үйлері тігіліп, көрмелер қойылды. Кішкентай ғана бүлдіршіндерімізге арналып алтыбақан құрылды. Көрмелермен спорттық шаралардың жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Кешкісін аудан жастарына «АйТим» дискоклубында мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Күні бойы толассыз ән мен жырға ұласқан Үржар ауданындағы мерекелік шаралардың бәрі де тәуелсіз Қазақстанның ең жас та, әсем қаласы – Астананың туған күніне арналды.

Біз нағыз тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Өз істерімізбен және ойларымызбен жас қазақстандық мемлекеттіліктің негізін қалап, халықпен етене сабақтас тағдырды бастан кешудеміз. Жас әрі қарқынды дамыған Астана – намысшыл және өресі биік тәуелсіз еліміздің символына айналды. Елорданы Алматыдан Астанаға ауыстыру, Семей полигонын жабу, ядролық қарудан бас тарту, айналымға Ұлттық валютаны енгізу сынды егеменді мемлекеттің алғашқы стратегиялық шешімдерімен қатар тұр.

Барлық қазақстандықтарды жігерлендіріп отырған Астананың табысы – оны ауыстыру идеясының авторы, Елорданың бас сәулетшісі әрі негізін қалаушы болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еншісінде. Астана мемлекеттің және халықтың бетке ұстар нышанына айналды.

- Құрметті жерлестер! Жыл сайын өркен жайып, гүлденіп келе жатқан елордамыз бүкіл қазақстандықтардың қуанышы мен шаттығының үлгісі. Астанамыз келген қонақтарды таң қалдыратын, Еуразияның ең көркейген сәулетті қаласының біріне айналды. Жыл сайын, ай сайын жаңа ғимараттар бой көтеріп жатыр. Екі-үш ай Астанаға ат басын бұрмаған адам қаланың өзгерістерін көріп, танымай қалып жатқаны рас. Осының барлығы экономикамыздың, халқымыздың өміріндегі өркенді істердің көрінісі болып табылады. Күннен- күнге Астана келбеті өзгеруде. Уақыт өткен сайын көркейіп, асқақтай түсуде. Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы елдің қарқынды дамуының жарқын көрінісіне айналды. Сондықтан барлығымыз «Біздің Отанымыз – Қазақстан, біздің астана – Астана!» деп мақтанышпен айтамыз. Елорда күні құтты болсын, құрметті жерлестер! Барлықтарыңызға бақыт, гүлдену мен бақуат тілейміз!Әрбіріміз Астананың жаңа табыстары мен жетістіктері туралы естігенде ерекше мақтанышпен «Бұл - менің Елордам!» дейтіндей болайық-, деп Үржар ауданының әкімі атынан құттықтау сөз Үржар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қабдысадық Байсинов алды.

Астананың туған күні осылайша өзінің мемлекеттік мерекелік деңгейіне сай аталып өтілуде. Ұйымдастырылған шаралардан қазақи нақыш пен ұлттық рух сезіледі. Астананың гүлденуі бұл Қазақстанның өркендеуінің айғағы екені анық. Олай болса, енді ғана 12 жыл толған Елордаға абыройы асқақтай берсін демекпіз.

Астана тек қана астаналықтардың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың мерекесі. Біз ұланғайыр жерімізге тұңғыш рет Тәуелсіздігімізді жариялап, өз Астанасын таңдаған халықпыз, соған қол жеткіздік. Елдігімізді, Егемендігімізді паш еттік. Астана мерекесі – халықтың мерекесі. Мерекелеріңізбен, ағайын!

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.